Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан чемпионатына дейін Францияның «Осер», «Истр», Түркияның «Касымпаша», Бельгияның «Брюссель» және Болгарияның «Черно Море» командаларында доп тепкен қорғаушы 2011 жылы Павлодардың «Ертісіне» келген болатын. Ол жақта үш жыл доп теуіп, 2014 жылы Дмитрий Огайдың шақыртуымен Қызылорданың «Қайсарына» ауысты. Алайда, Сыр жанкүйерлерінің көзайымына айналған қорғаушы маусым соңында Огайдың командасына керек болмай, Болгарияның «Черно Моресіне» қайта кетуге мәжбүр болған. Ол жақта екі жыл доп теуіп, Қазақстанға қайта оралды. Бұл жолы Владимир Фомичев жаттықтыратын «Қызыл-Жарға» келді.
– 2014 жылдан кейін «Қайсардан» кеткім келмеген. Алайда клубтың бас бапкері маған ешнәрсе айтпастан керек еместігім жөнінде сыртымнан шешіп тастады. Оқу-жаттығу жиындарына шақырған жоқ. Жауапты ұзақ күтіп, Қазақстанның басқа командаларына түскен ұсыныстарға назар аудармаған едім. Ақыры құр босқа уақыт өткізіп алдым да, Болгарияның клубына ауысуға мәжбүр болдым. «Черно Море» мені жақсы қабылдады. Алайда, Қазақстанды сағындым. Сондықтан, «Қызыл-Жардан» түскен ұсынысты ойланбай қабылдадым. Команданың Премьер-лигаға шығуына бар күшімді саламын, - деді малилік «қара маржан».
Айта кетейік, Мамуту Кулибали қазақтың күйеу баласы. Келіншегі павлодарлық Мадина есімді ару. 2011 жылы «Ертіс» сапында ойнап жүргенде танысып, 2014 жылы Қызылордада заңды некеге тұрған. Екі жасты сол кезде, тіпті Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың өзі де арнайы құттықтаған.
– «Ертісте» алғаш келген кездерім еді. Ол кезде орыс тілін білмеймін. Жалақымды Малидегі әке-шешеме аударып жіберейін деп банкке келдім. Ертесі күні олар ақшаның жетпегендігін айтып хабарласты. Банкке телефон шалдым. Арғы жақтан бір менеджер қыздың дауысы шығып тұр. Ағылшынша білетіні сол екен. Ашумен қатты сөйлеп тастадым. Сабырға шақырып, көмектесетінін айтты. Сол күні қайта банкке барып, ақыры ақшамды аудардым. Менеджер қыз маған бәйек болып көмектесіп жүр. Таныстым. Есімі Мадина екен. Жақсы араласып кеттік. Кездесіп, қыз-жігіттер секілді жүре бастадық. Басында менің мұсылман екендігіме сенбейтін. Ғаламторды ақтарып, Малидің мұсылмандар екені екендігіне көз жеткізген соң ғана маған деген көзқарасы өзгерді. Содан бері біргеміз. Қазір ол Павлодарда. Құжаттарды рәсімдеген соң жаныма Петропавлға келеді. Болгарияда қасымда болған, - деді бұл жайлы Кулибалидің өзі.