Вернуться к списку статей

“Зенит” Еркебұлан Сейідахметпен келісімшартқа отыра алмайды

Футбол
2K
Еркебұлан Сейідахмет Гранаткин мемориалында жарқырап көзге түсті. Фото: granatkin.com
Петербордың «Зениті»  Қазақстан жасөспірімдер құрамасының шабуылшысы Еркебұлан Сейідахметке қанша қызыққандарымен, онымен келісімшартқа отыра алмайды...

Ресейдің «Зениті» қазақтың жас таланты Еркебұлан Сейідахметке көздері түсіп, өзінің жас жеткіншектері құрамына шақырған. Ал Санкт-Петербург клубының жасөспірімдері қазір Кипрде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Алайда, ресейлік sport-express.ru басылымының мәлімдеуінше, «Зенит» әзір қазақтың жас талантымен келісімшартқа отыра алмайды. Өйткені ФИФА ережесі бойынша 18 жасқа дейінгі жас футболшылармен халықаралық трансферге тыйым салынған.

Еркебұлан Сейідахмет әзірше – 17-де, 18-ге 2018 жылғы 4 ақпан күні толады. «Жас ойыншы енді үйіне қайтатын шығар, ал “Зенит” оны жіті бақылап отырады, ал келісімшарт мәселесіне бір жылдан кейін қайта оралуы тиіс», – деп жазады, sport-express.ru.

Жалпы, «Зенит» жастарының Игорь Симутенков бастаған бапкерлері Еркебұлан Сейідахметтің ойынына риза, өнеріне көңілдері толатындай. Кеше ғана олар Кипрде «Локомотив» (Мәскеу) клубының жастарымен кездесіп, жолдастық кездесу өткізді.

Осы ойында петерборлықтар Еркебұланның арқасында пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. Оны К.Капленко мүлтіксіз орындап, «Зенит» жеткіншектері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Ресей басылымы, Еркебұланды «қазақтың Мессиі» депті...

«Зениттің» 17 жастағы жас талантымызбен келісімшартқа отыра алмайтындығы жағымды жаңалық па, жоқ па, білмеймін. Бірақ біздің «Астана», «Қайрат» секілді алпауыт клубтарымыздың шетелдік мамандар да тәнті болған осындай дарынды балаға көңіл адармай отырғандары ойлантады. Әлде “тұлпарды тай кезінен” тани алмай жүрміз бе?..

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика