Вернуться к списку статей

“Атырау” футбол клубының 2017 жылғы бюджеті – 2 миллиард теңге

Футбол
1K
“Атырау” футбол клубының «2017 жылғы бюджеті – 2 миллиард теңге» деп хабарлайды atpress.kz басылымы.

Кеше Атыраудағы аймақтық коммуникация қызметі брифингінде облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева аталған басылымның тілшісі сұрағына жауап беріп, «Атырау» футбол клубының 2017 жылғы бюджеті екі миллиард теңге екенін мәлімдеген.

Дәл қазір команда Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бүгін Украина премьер-лигасында жетінші орында тұрған «Черноморец» (Одесса) клубымен кездесіп, 0:3 есебімен ойсырай ұтылып қалды.

Жалпы, биылғы маусым аралығында «Атырау» бас бапкерін ауыстырды. Болгар маманы Стойчо Младеновтің орнына хорват Зоран Вулич тағайындалды. Жаңа бапкер команда құрамын біршама жаңартты.

Бұрынғы легионерлерінің көбісімен қош айтысып, олардың орындарына басқа футболшылар алды. Бұл ретте, кейінгі кезде Сербия құрамасы сапына шақыртылып жүрген Йован Джокичті бөле-жара атап өтуге болады.

Сондай-ақ Грузия құрамасының ойыншылары Уча Лобжанидзе мен Владимир Двалишвилимен келісімшартқа отырды. Өзбек Шавкат Саломов та әзірше сенім үдесінен шығып жүргендей. Сербиялық жартылай қорғаушы Новица Максимовичке де үлкен сенім артылып отыр.

Бұларға Виталий Ли, Әлішер Сүлей, Мирас Төлиев, Марат Хайруллин, Антон Чичулин, Захар Коробов, Елдар Әбдірахманов сынды басқа клубтардан ауысып келген өз ойыншыларымызды қосуға болады.

Осы ретте айта кетейік, «Атырау» футбол клубы Белектегі (Түркия) оқу-жаттығу жиынын 27 ақпан күні аяқтайды. Жайық жағасына келген соң жанкүйерлерімен кездесу өткізіп, бапкерлер құрамы мен жаңа ойыншыларын ресми түрде таныстыруды жоспарлап отырған көрінеді.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика