Вернуться к списку статей

Молдақараев пен Деспотович “Тобылды” толықтырды

Футбол
1K
Енді Молдақараев Деспотовичпен де, Малыймен де бір командада ойнайды. Фото: okzhetpes.kz
«Тобыл» құрамын күшейтіп жатыр. Кеше Қостанай клубының құрамына Жасұлан Молдақараев пен Джордже Деспотович қосылды.

Жасұлан Молдақараев былтыр «Оқжетпес» сапында ойнаған. Биыл маусым аралығында «Алтай» клубына барған-ды. Бірақ Шығыс Қазақстан облысының командасының «шаңырағы» шайқалып, жағдайы тығырыққа тіреліп тұр. Биыл қайтадан бірінші лигада ойнайтын сияқты.

Енді, міне, Қызылорда футболының түлегі, яғни Жасұлан Молдақараев «Тобыл» клубымен бір жылға келісімшартқа отырыпты. Былтыр «Оқжетпес» сапында 31 ойын өткізіп, алты гол соққан болатын. Тіпті Қазақстан ұлттық құрамасы сапына да шақырылды.

Сондай-ақ «Астана – Қостанай» бағытымен үшінші футболшы «Тобылға» келді. Әрі үшеуі де жалға берілді. Бұл жолы шабуылшы Джордже Деспотович Омари Тетрадзенің қол астындағы жігіттерге келіп қосылды. Жалға берілген мерзімі – жарты маусым.

Өздеріңіз білесіздер, серб шабуылшысы бұған дейін «Жетісу» және «Қайрат» клубтары сапында да ойнаған. Ол былтыр Қазақстан премьер-лигасында, яғни «Астана» сапында 31 ойын өткізіп, сегіз гол соқты.

Жалпы, бұған дейін «Астанадан» «Тобылға» шабуылшы Алексей Щеткин мен қорғаушы Сергей Малый келген болатын. Екеуі де маусым аяғына дейін жалға берілген-ді. Ал былтыр жазда Марк Гурман да елордадан Қостанайға ойысқан. Бірақ ол толыққанды келісімшартқа отырған болатын (мерзімі – бір жарым жыл).

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика