Вернуться к списку статей

«Ертіс» неге чемпион болмайды?..

Футбол
1K
Фото fcirtysh.kz сайтынан
Оқушы кезім. Ауылдың пошташы апайы бізге тиесілі бір аптаның газетін жинап, көршілерден ұстатып жібереді. Газет қолға тие сала, жаныңа жақын спорт тақырыбындағы мақалаларды іздей бастайсың...

Мұқият оқып болғасын, қайшымен қиып алып қалың дәптеріңе желімдейсің. Әкім көршіміздің үйіне қаладан түрлі-түсті спорт журналдары кеп тұрады. Амалын тауып, оны да қолға түсіреміз. Спортқа деген құмарлық осылай басталып еді. Бүгінде 15 жыл уақыт жинаған футболға қатысты барлық заттар ауылдағы әбдіремде сақтаулы...

Сол кездері Павлодар облыстық газетінің бетінен «Ертіс ерледі!» деген мазмұндағы мақалалар жиі жарияланып тұрды. Серік Жейлітбаев, Нилтон Мендес, Александр Шатских, Муслим Агаев және тағысын тағы... Біздің бала күніміздің – «Роналдуы» мен «Мессиі» осылар. Шыныменде, «Ертістің» дүркіреп тұрған кезі. Павлодарлық клуб 2002 және 2003 жылы қатарынан ел чемпионы атанды.

Сөйтіп, еліміздің футбол тарихында алғаш рет «пентакампеон» деген атаққа қол жеткізді. Ал, 2004 жылы күміспен күптелді. Осы табысты үш жылда клуб тізгінін Дмитрий Огай ұстаған болатын. Лық толы стадион. Кассадағы кезек. Көше толы жарнама. Ұлттық құраманың сапында кемінде 3-4 павлодарлық өнер көрсететін кез. Ия, «Павлодар» десе ең әуелі «Ертіс» ойға оралатын. Ал, қазір ше?

Алтын кезең Огаймен бірге кетті десек, артық айтқанымыз емес. Бұдан кейін «Ертіс» ел біріншілігінде 2008 жылы 3-орын (бас бапкер – Ойрат Садуов), 2010 жылы 3-орын, 2012 жылы 2-орын (бас бапкер – Талғат Байсуфинов), 2016 жылы қолаға қол жеткізді (бас бапкер – Димитар Димитров).

Жалпы, павлодарлық команда ел біріншілігінде осы уақытқа дейін 5 рет топ жарып, 4 рет күміс және 6 рет қола медаль еншілеген. Ел кубогы 1997/1998 жылғы кезеңде ғана бұйырыпты. Қалған жылдары ел чемпионатында турнирдің төмен сатысынан орын алмаса да, алтынға таласатындай ойын өрнегін көрсеткен жоқ.

Төмен нәтижеге қаржы мәселесін себеп қыла алмаймыз. Әр жылдары облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп тұрды. Бұдан бөлек, павлодарлық ірі зауыттар әжептәуір демеушілік көмек көрсетті. Клуб басшылығының бақытына орай, облыс әкімі қызметіне тағайындалған азаматтардың дені футболға бір табан жақын болатын.

Яғни, басқа-басқа футбол мәселесін жіті назарда ұстайтын. «Forbes Kazakhstan» журналының ұсынған мәліметіне сүйенсек, 2012 жылы команда бюджеті 6,41 миллион еуроны құраған. Бұл сол жылы еліміз бойынша екінші көрсеткіш болып тіркеліпті. Ал, команда ойыншыларының жалпы құны 2,55 миллион еуроға шақ болған.

Бас бапкерлерді де кінәлай алмаспыз. «Ертіс» басқа командалар сияқты бапкерлерді жиі ауыстыруға құлықсыз. Мәселен, соңғы 15 жылдан астам уақытта Дмитрий Огай 3 жыл, Сергей Волгин 3 жыл, Талғат Байсуфинов 4 жыл, Димитар Димитров 3 жыл командаға басшылық еткен. Тұрақтылық бар. Тек 2014 жылы 1 жылда клуб тізгінін 3 маман (Тармо Рюютли, Ойрат Садуов және Дмитрий Черышев) ұстап, ақыры «Ертіс» Тәуелсіздік жылдарындағы тарихында алғаш рет турнир кестесінің 10-шы сатысына жайғасты.

Команда сапын толықтыратын жастар футбол мектебі ақсап тұр деп тағы айта алмаймыз. Әр жылдары туған жеткіншектер арасында ұйымдастырылатын футбол додаларында павлодарлықтар жиі жүлдеге ілігіп жүр. Яғни, резерв бар деген сөз. Қазір команда сапында Антон Цирин, Артем Попов, Руслан Есімов, Павел Шабалин, Дамир Дәуітов сияқты болашағынан зор үміт күттіретін павлодарлық жастар доп теуіп жүр.

Бұл ретте, алыстан қақпаны дәл көздейтін Ұлттық құраманың және «Астана» командасының ойыншысы Дмитрий Шомконың да Екібастұз футболының түлегі екенін атап өткен жөн. Қолда бар статистикаға сүйенсек, 1992-2016 жылдар аралығында «Ертіс» командасының жейдесін 286 футболшы киіп үлгеріпті. Оның 85-і – Павлодар футболының тәрбиеленушілері.

Легионерлер кедергі келтіруде деуге болмас. Жыртығымызды жамап отырған солар емес пе? Келімсектерсіз «Ертіс» түгілі «Астананың» Еуропа алаңдарында жасындай жарқылдауы екіталай еді. Биыл «Ертісті» Криштиану Роналдудың отандасы Фонсека өрге сүйреді. Жеке дара шеберлігімен көзге түсіп, команданың ойынына қан жүгіртті. Соңғы турда соңғы секундтарда «Шахтердің» қақпасына жеңіс добын соғып, командасын Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне алып шыққан да – сол азамат!

Спорттық инфрақұрылым жайын айтсақ, Павлодардың орталық стадионына мін тағатындар аз. Соңғы 15 жылда мұнда 3 рет жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Еуропа алаңдарында доп тебуге рұқсат алу үшін сыйымдылығы 12 мыңға жуық стадионның ажары келісе түскен. Бұдан бөлек, облыс орталығында үлкен футбол алаңдары жетерлік. Әр ауладағы шағын футбол алаңдарын есепке алып отырғанымыз жоқ.

Облыс орталығы былай тұрсын, жақында Екібастұз қаласында, Баянауыл ауданында да көлемі стадионға шақ жаңа алаңдар бой көтерді. Облыс басшысы алдағы уақытта барлық аудандарда бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынына сөз берді. Бұл – таяу жылдары ауылдың қара домалақтары өз шеберліктерін дәлелдеп, биік белестерді бағындыруларына мүмкіндік ашылады деген сөз.

«Ертіс» неге чемпион болмайды? Оны қойшы, қалған жүлденің ауылы неге алыстады? Осы сауалдарға жауап іздеп, ақыры бір жауапқа тоқтадым. Соңғы жылдары ел чемпионатында бәскелестік арта түскен екен. Ұпай тарататын командалар аз. Қазір қарымды клубтардың өздері қайсыбір команданы өз алаңында қалпақпен ұрып алады деп айту қиын. Әр команданың мақсаты – айқын.

Сондықтан да, бала кезден жанкүйерлік танытып келе жатқан «Ертіске» өкпелеуімнің қисыны жоқ екен. Бәсекелестік бар жерде, нәтиже бар. Алдағы уақытта Еуропа турнирлерінің топтық кезеңдерінде 2-3 қазақстандық команданың өнер көрсететініне сенейік!

Автор: Оралхан Қожанов
Яндекс.Метрика