Вернуться к списку статей

"Астана" екі миллион евроны азсынып отыр ма?

Футбол
1K
Түркияның «Бурсаспор» клубының Патрик Твумасидің трансферіне байланысты ресми ұсыныстың жасағанына екі күн болды. Алайда, елордалықтар тарапынан бұл туралы әлі ресми ақпарат жоқ.

Түркия Суперлигасында қысқы трансферлік терезе қаңтардың 4-і күні ашылып, 31 қаңтарға дейін жалғасады. 17 турдан кейін 25 ұпаймен ел чемпионатында 9-орында келе жатқан «Бурсаспор» көш басындағы «Истанбулдан» 11 ұпайға қалып келеді. Клубтың бас бапкері франциялық Поль Ле Гуэн қысқы трансферлік кезеңді пайдаланып, командасының әр шебін күшейтіп алуды көздеп отыр. Дәл қазір олар қаңтар айында төрт ойыншымен толықпақ. Олардың арасында Сенегал ұлттық құрамасының шабуылшысы Мусса Соу да бар. Дегенмен, басты мақсаттары – Патрик Твумаси. Тіпті, клуб президенті Әли Аймен болған жеке әңгімеде Пол Ле Гуэн «егер Твумасиді алып берер болсаңдар, онда маған Соудың да қажеті жоқ» деген көрінеді. Бұл дегеніміз, түріктер осы трансферде қалайда «Астана» басшыларының көңілін тауып, Патрик Твумасиді әкетуге тырысады деген сөз. Бұл үшін олар «Астанаға» 2 миллион евро ұсынып отыр екен.

«Бурсаспор» өкілдерінің ресми ұсыныс жасағанына екі күн болды. Алайда, «Астана» тарапынан әлі хабар жоқ. Сонда елордалықтар Твумаси үшін 2 миллион евроны азсынып отыр ма? Бүйтетіндей жөндері де бар шығар. Өйткені, ганалық легионерімізге қызығушылық танытып отырғандардың қатарында Ресейдің «Спартагы» мен Германияның «Гамбургы» да бар. Ал «Бурсаспор» футбол клубының өкілі Хасан Парлакай бурсалықтар Твумаси үшін 2 миллион евродан артық төлемейтінін айтып отыр.

Неде болса, Твумаси трансферінің мәселесі жаңа жылдан кейін шешілетін шығар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика