Вернуться к списку статей

«Тобыл» құрамын сұрыптап жатыр

Футбол
1K
Фото fcirtysh.kz сайтынан
«Тобыл» клубының директоры Николай Панин қостанайлықтар 2017 жылғы құрамын 80 пайыз сақтап қалғанын жариялады.

«Тобыл» құрамын екшеп жатыр екен. Тіпті болып та қалғандай сияқты. Клубтың ресми сайтында жарық көрген команда директоры Николай Паниннің сұхбатындағы мәліметтерге сенсек, 5-6 шепті толықтыру ғана қалыпты.

«Тобыл» 2017 жылғы маусым аяқталысымен Марк Гурман, Рауль Джалилов, Евгений Левин, Альмир Мухутдинов және Босния шабуылшысы Амир Бекич сынды футболшыларымен еңбек келісімін үзген. Командаға жалға алынған Дидар Жалмұқан мен Албания шабуылшысы Аздрен Ллуллаку мерзімдері бітіп, «Астанаға» оралған.

Ал Сұлтан Бұсырманов, Григорий Сартаков, Тимур Жақыпов, Самат Жарынбетов, Жасұлан Шубаев, Ника Квеквескири (Грузия), Егон Вух (Чехия), Ванче Шиков (Македония) сынды ойыншыларының келісімшарттары 2018 жылы да жарамды екен.

Ең бастысы, Фернандо Кассай (ОАР), Нұрбол Жұмасқалиев, Жасұлан Молдақараев және Дмитрий Мирошниченко сынды жергілікті жанкүйерлердің сүйікті ойыншыларына айнала білген белді ойыншыларының еңбек келісімдері ұзартылған.

Украина қақпашысы Дмитрий Непогодовпен келісімшарт мерзімін бір жылға ұзарту туралы ауызша келісілген көрінеді. Сондай-ақ Алексей Щеткинмен және Артурас Жулпамен де еңбек келісімдерін ұзарту қарастырылып жатыр екен.

Енді команда сапына алынған жаңа ойыншыларға кезек берсек. Клубтың жаңа бас бапкері Владимир Никитенконың келісімімен Джаба Канкава (Грузия), Аслан Дарабаев, Максим Федин және Сұлтан Әбілғазы сынды футболшылармен келісімшартқа қол қойылыпты.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика