Вернуться к списку статей

«Тобыл» бас бапкерін жариялады – Владимир Никитенко

Футбол
1K
Фото: vk.com/fctobol_officialpage
Бүгін «Тобыл» футбол клубының ресми сайтында клуб директоры Николай Паниннің сұхбаты жарияланып, бас бапкерлік тізгін Владимир Никитенкоға ұстатылғаны мәлімденді.

Қостанай клубының директоры «Тобылдың» өткен маусым соңындағы бас бапкері Роберт Евдокимовпен еңбек келісім ұзартылмағандығын ашық айтқан. Себебі, Ресей маманы 2017 жылғы қаржы келісімнен бас тартып, еңбекақысының өсірілгенін қалаған. Клуб «көрпесіне қарай көсілуді» ойлап, оның талап-тілегін қанағаттандыра алмаған.

Содан Қостанай клубының басшылары Владимир Никитенкомен келіскен. Тіпті «Тобылды» еліміздің жастар арасындағы құрамасымен қатар жаттықтыруға да келісім берген. Сөйтіп, Никитенко 2018 жылдың қыркүйек айына дейін «Тобылды» да, Қазақстан жастар құрамасын да жаттықтыратын болыпты. Яғни, екі қызметті бірдей атқарады.

Николай Панин сөз арасында Владимир Никитенкомен биылғы жылдың ортасында-ақ келіскендерін, бірақ ол кезде Қазақстан футбол федерациясы оны жібермегенін де тілге тиек еткен. Сөйтіп, Қостанай клубы 8 қаңтар күні 61-ге толатын тәжірибесі мол маманға үлкен сенім артып отыр.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика