2010 жылы Венгрияда өткен Еуропа чемпионатынан бері құрлық біріншілігі қара түсті алаңдарда өткізіліп келеді. Мұндай шешім телеарналар мүддесі үшін жүзеге асырылды делінгенімен, телекөрермендерге де, мамандарға да ұнамаған болатын.
Енді «Еуроспорт-2» телеарнасының ұсынысымен, футзалдан Испания чемпионатындағыдай, Еуродода финалы көк түсті алаңда өткізілетін болыпты. Бұл ретте, Испания телеарнасындағы футзал бағдарламасының «Pista Azul» (Көк жолақ) деп аталатындығы да көлденең тартылып отыр.
Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылғы Еуропа чемпионаты Словенияда өтеді. Осыған орай, Люблянадағы Stožice Arena» спорт кешенінің алаңы (едені) көк түске ауыстырылған. 6 желтоқсан күні Словения және Португалия құрамалары осы көк түсті жаңа алаңда жолдастық кездесу өткізіп, қонақтар 6:4 есебімен жеңіске жеткен.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 30 қаңтарынан 10 ақпанына дейін Люблянада өтетін Еуропа чемпионатының финалдық додасына Қазақстан құрамасы да қатысады. Біздің футзалшылар Ресей және Польша құрамаларымен «B» тобына түскен.