«Ақжайықты» екі жыл қатарынан премьер-лигада алып қалған Вахид Масудов енді Орал клубын жаттықтырмайтын болыпты. Клуб басшылары отандық маманмен қош айтысып, оның орнына Украинадан 40 жастағы маманды, яғни Владимир Мазярды шақыртқан.
Мазяр кезінде шабуылшы болған. Бір-ақ бір командада ұзақ тұрақтамаған. 15 жылда 22 команданың сапында ойнап шықты. Карьерасын 2010 жылы Әзірбайжанда тәмамдады. 2013 жылдан бастап бапкерлік қызметке белсене кірісті. Әрі көпшілікті таң қалдырды...
Нақтырақ айтқанда, «Сталь» (Днепродзержинск) клубын Украинаның Екінші лигасынан Бірінші лигасына, содан соң бірден премьер-лигасына алып шықты. Бұдан кейін өз елінде «Верес», «Рух» және «Полесье» клубтарын жаттықтырды. Енді қазақ додасында бағын сынайды.
Ал «Ақжайық» жаңа жыл мерекесінен кейін, яғни 8 қаңтар күні бірінші оқу-жаттығу жиынын бастайды. Түріктің Антальясына барып, 2018 жылғы маусым дайындығына кіріседі. Команда сапында қай футболшылардың қалғаны және кімдердің шақыртылатындығы сол кезде белгілі болуы керек...