Вернуться к списку статей

Футзалдан Қазақстан кубогын биыл да «Қайрат» жеңіп алды

Футбол
1K
«Қайрат» – 2017 жылғы Қазақстан кубогының иегері. Фото: afckairat.kz
Рудныйда футзалдан Қазақстан кубогы сарапқа салынып, финалда жергілікті «Аят» пен «Қайрат» додаға түсті.

Құрамында тәжірибелі ойыншылары көп, Қазақстан кубогы тұрмақ, УЕФА кубогында топ жарып жүрген «Қайрат» алтыншы жыл қатарынан үздік шықты. Алматы клубының ресми сайты таратқан ақпаратқа сенсек, қайраттықтар ел кубогын 14-ші рет жеңіп алыпты.

Алайда, биыл Қазақстан кубогының бас бәйгесі «Қайратқа» оңай олжа болған жоқ. Жартылай финалда «Ақтөбе» табан тіресе додаға түсіп, тайталасып бақты. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталып, алматылықтар тек овертаймда жеңіс голын соғып, финалға шықты.

Финалда көпшілік күткендей «Жетісу» жігіттерімен емес, «Аят» футзалшыларымен кездесті. Себебі Рудный командасы өз жерінде Талдықорған тарландарын тақырға отырғызып кетті. Алайда шешуші матчта да «Қайратқа» қарсы тұра алмады.

Сөйтіп, «Қайрат» биыл да ел кубогын жеңіп алды. Күміс медаль «Аят» футзалшыларына, қола жүлде «Ақтөбе» жігіттеріне бұйырды. «Жетісу» жүлделі орындардан тыс қалды. Ал «Тұлпар» (Қарағанды) және «Оқжетпес» (Көкшетау) командалары жартылай финалға шыға алмай, топтық кезеңмен шектелген болатын.

Жартылай финал:

«Қайрат» – «Ақтөбе» – 2:1
Голдар: Дуглас, 23. Дуглас, 47 – Таку, 17.

«Аят» – «Жетісу» – 5:1
Голдар: Болт, 5. Болт, 13. Валиуллин, 17. Валиуллин, 17, Кузнецов 31 – Кнауб, 28.

Үшінші орын үшін:

«Ақтөбе» – «Жетісу» – 4:1
Голдар: Эвертон, 19. Иманалин, 36. Валенко, 39. Джонатан, 39 – Вандерсон, 9.

Финал:

«Қайрат» – «Аят» – 4:0
Голдар: Тайнан, 1. Тайеби, 8. Дрот, 26. Алешандре, 34.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика