2017 жылғы маусымның қорытындысы бойынша, Бірінші лигада соңғы орын алып, Екінші лигаға ұшуы тиіс болған «Екібастұз» өз орнын сақтап қалды. Сонда спорттық принціп қайда қалды?
Бүгін Қазақстан футбол федерациясы Атқару комитетінің мәжілісі өтіп, Бірінші лигаға байланысты осындай шешім қабылданды. Біріншілікте өткізген 24 ойынның екеуінде ғана жеңіске жетіп, 18 матчта жеңілістің кермек дәмін татқан, 18 гол соғып, өз қақпасына 50 гол жіберген «Екібастұз» ел чемпионатының регламенті бойынша, өз орнын Екінші лиганың командасына босатуы керек болатын. Алайда, ҚФФ Атқару комитеті Бірінші лига аутсайдерінің «көз-жасына» қалғысы келмеген сияқты. Арыздарын бір жиналыспен-ақ қанағаттандыра салды.
Сондай-ақ, Атқару комитетінің мүшелері «Жетісу» футбол клубының екінші командасын да Бірінші лигаға қосып жіберді. Естеріңізде болса, «Жетісу» футбол клубы Бірінші лиганы жеңіп, Премьер-лигаға жолдама алған соң екінші командасын Екінші лиганы айналып өтіп, бірден Бірінші лигаға қатыстыру жөнінде өтініш білдірген. Бұл да қанағаттандырылды.
Жалпы, бұл нені білдіреді? Бұл Екінші лиганың қадірі төмен екендігін көрсетсе керек. Фарм-клубтар ғана болмаса, Екінші лигада ешкімнің де қатысқысы келмейтін сияқты. Бұл турнирді біріншіден білетіндер аз, екіншіден Екінші лигаға түсіп қалған жағдайда клуб бюджеті еселеп қысқаратыны тағы бар. Яғни, «Екібастұз» да, «Жетісу» да өздеріне бөлінетін қаржыдан қағылғылары келмейді. Бірақ, соған қарамастан ҚФФ Атқару комитеті спорттық принціпті ұстануы қажет қой. Егер біріншіліктің турнирлік мәні болмаса, оны өткізудің қажеті не? Одан да әрқайсысына бірден орындарды үлестіріп бере салғанымыз жақсы ғой... Қалай болған күнде де, әр жарыстың өз пирамидасы болғаны дұрыс емес пе? «Жетісу-2» де, «Екібастұз» да соған сәйкес Екінші лигада ойнауы керек.
Олай ететіні бар, ендеше «Таразды» да, «Оқжетпесті» де Премьер-лигада қалдырсын.
Сонымен не керек, келесі маусымда Бірінші лигада 11 команда бақ сынайды. Премьер-лигада ұшқан «Тараз» бен «Оқжетпес», Бірінші лигада өткен маусымнан қалған «Қайрат А», «Мақтаарал», «Байқоңыр», «Шахтер-Болат», «Қыран», «Каспий», «Екібастұз», «Жетісу-2» және Екінші лиганы жеңіп алған «Алтай».