«Кетем, тойдым, жетер» деген сұхбаттары жиілеп кеткенімен Станимир Стойловтың «Астанадан» кеткендігі туралы ресми ақпарат әлі шыққан жоқ. Дегенмен, болгар бапкері Қазақстанда қалмайтын сияқты.
– Жақын күндері агенттерімен соңғы рет сөйлесіп, екі жаққа да тиімді бір шешімге келеміз. Әзірге нақты ұсыныстар жоқ. Алайда, бұл кезең артта қалды деп ойлаймын. «Астанадан» еңсемді тік ұстап кетіп барам. Себебін айтып, проблема іздегім келмейді. Бірақ, біреу маған түкірсе, жаңбыр екен деп отыра бермеймін. Еуропа клубтарынан ұсыныстар қарастырамын. Дегенмен, Болгарияның паспортымен еуропалық клубтардан ұсыныс күту қиын. Оны өз тәжірибемнен білемін. Оларға Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде бес рет ойнағаным маңызды емес, - деп келтіріпті Станимир Стойловтың сөзін Болгарияның sportal.bg сайты.
«Астанадан» кетемін деуінің себебін осы сұхбатынан аңғаруға болатын секілді. «Біреу маған түкірсе, жаңбыр екен деп қарап отыра бермеймін» деуіне қарағанда Стойлов біздің елде біреуге қатты ренжулі секілді. Кімге болды екен? Футболшылар? Жоқ, болгар маманы кез-келген шәкіртін орнына қоя алатын бапкер. Оған біз осы уақытқа дейін талай көз жеткіздік. Жанкүйерлер? Бұл да мүмкін емес. «Астананың» халықаралық аренадағы ойындарында жанкүйерлердің маңызы зор екендігін Стойлов әр сұхбатында айтып жүретін. «Астананың» бас менеджері Саян Хамитжанов па? Араларынан мысық өтті дегенге сенгің келмейді. Бірақ, ішінде не жатқанын кім білсін... Әлде, көңілін қалдырған басқа біреу бар ма? Соңғы кездері қаржы жағын жиі қозғап, былтырдан бері сыйақыларын ала алмай жүргенін көп айтқан еді, бәлкім уәдесінде тұрмаған демеушілерге өкпесі бар ма? Неде болса, айтып кететін шығар.
Дегенмен, мұның барлығы Болгария журналистерінің ойдан шығарғандары деп үміттенеміз. Стойловтың «Астанада» қаларына соңына дейін сенетіндер көп.