Вернуться к списку статей

Луиш Фигу мен Криштиану Роналдуды әлемге танытқан клуб

Футбол
1K
Луиш Фигу мен Криштиану Роналдуды әлемге танытқан клуб
Еуропа лигасының 1/16-финалында елорданың «Астанасына» Португалияның «Спортинг» клубы түсті. Бұл қандай команда? Тарихы не дейді? Олардан не күтуге болады? Бүгінгі тақырыбымызды Қазақстан чемпионының келесі қарсыласына арнасақ.

Соңғы үш шар қалғанда қазақстандық жанкүйерлердің басым бөлігі Эрик Абидаль «Арсеналды» алып шықса екен деп армандаған шығар. Алайда, «Спортингпен» де ойын қызық болады. Әлем футболына талай талантты сыйлаған тарихы бай клуб.

«СПОРТИНГ» (ЛИССАБОН, ПОРТУГАЛИЯ)

УЕФА рейтингіндегі көрсеткіші: 44-орын

Құрылған жылы: 1906 ж.

Бас бапкері: Жоржи Жезуш

Стадионы: «Жозе Алваладе» (50 049 көрермен)

Топтық кезеңдегі көрсеткіші: 3-орын (Чемпиондар лигасы)

Еурокубоктағы үздік сұрмергені: Бруно Сезар, Бас дост (2 гол)

Португалия чемпионатындағы көрсеткіші: 2-орын

Португалия чемпионатындағы үздік сұрмергені: Бас Дост (12 гол)

Еурокубоктың өткен маусымындағы көрсеткіші: топтық кезең (Чемпиондар лигасы)

Ең ірі жетістіктері:

Португалия чемпионы – 18 (1940/41, 1943/44, 1946/47, 1947/48, 1948/49, 1950/51, 1951/52, 1952/53, 1953/54, 1957/58, 1961/62, 1965/66, 1969/70, 1973/74, 1979/80, 1981/82, 1999/00, 2001/02).

Португалия кубогының иегері – 20 (1922/23, 1933/34, 1935/36, 1937/38, 1940/41, 1944/45, 1945/46, 1947/48, 1953/54, 1962/63, 1970/71, 1972/73, 1973/74, 1977/78, 1981/82, 1994/95, 2001/02, 2006/07, 2007/08, 2014/15).

Португалия Суперкубогының иегері – 8 (1982, 1987, 1995, 2000, 2002, 2007, 2008, 2015).

УЕФА кубок иегерлері кубогының жеңімпазы – 1 (1963/64).

УЕФА кубогының финалисі – 1 (2004/05).


«Спортинг» дегенде есімізге бірінші Криштиану Роналду түседі. 12 жасында «Спортинг» академиясына қабылданған жас талант сол клубта өсіп өніп, 18-ге толғанда әйгілі сэр-Алекс Фергюссонның қолына «Манчестер Юнайтедтке» өтеді. Қазір ол Лионель Мессимен қатар әлемнің қос үздігінің бірі. Миллиондардың кумирі. Дегенмен, «Спортингте» Роналдудан басқа тағы бір шебер, 2001 жылы әлемнің үздік ойыншысы атанған Луиш Фигу да тәрбиеленген.


Алайда, «Спортинг» Лиссабонның басты клубы емес. Португалия астанасының тұрғындарының басым бөлігі «Спортингтен» гөрі «Бенфикаға» жанкүйер болғанды құп көреді екен. Шамасы, бұл «Бенфиканың» халықтық команда болғандығынан да шығар. Біздің футболдың тілімен айтар болсақ, Кеңестік дәуірдегі Алматының «Қайраты» секілді әр отағасы өз баласына «Бенфиканы» жақсы көруді санасына сіңіріп өсіретін көрінеді. Тіпті, көпшілік арасында бұл клубты жанкүйерлер басқарады деген түсінік әлі де бар. Ал жанкүйерлер арасындағы беделі жөнінен Португалиядағы екінші клуб – «Порту». «Спортинг» бұл тізімде небәрі үшінші орында. Дегенмен, өз араларында «спортингтіктер» бір-бірін «ақсүйектер» дейтіні тағы бар. Олардың ойларынша, таңдаулылар ғана «Спортингке» жанкүйер болады. Сондай-ақ, логотиптегі бейнеге сәйкес, бұларды «арыстандар» деп атайтындар көп.


«Спортинг» – Португалияның 18 дүркін чемпионы. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Порту» ел чемпионатын 27 рет жеңіп алса, «Бенфика» 36 рет үздік атанған. Алайда, «ақсүйектер» Еуропаның ең тұрақты командаларының бірі. 2013 жылы Португалия Примейр-лигасында 7-орын алғаны болмаса, басқа маусымдардың барлығында үздік бестіктен төмен түспеген. Ал биыл чемпион атануға мүмкіндіктері зор. 14 турдан кейін команда әлі жеңіліссіз. 36 ұпаймен турнир кестесінде «Портумен» бірінші орынды бөлісіп тұр. Бірақ соңғы рет «арыстандар» ішкі аренада сонау 2002 жылы атой салған екен.


Ойындарының барлығын «Спортинг» 2004 жылғы Еуропа чемпионатына орай салынған сиымдылығы 50 мың көрерменді құрайтын Жозе Алваладе стадионында өткізеді. Жозе Алваладе – клубтың негізін қалаушылардың бірі. Еуропадағы ең мықты клуб құрғысы келген Алваладе 1906 жылы өзінің адвокат ағасының көмегі арқасында Sporting Club do Portugal клубын құрған.


Былтыр «Спортинг» Португалия чемпионатында қола жүлдегер атанып, соның нәтижесінде, биыл еуромаусымды Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінен бастады. Қарсыласы Румынияның «Стяуасы» болатын. Алдымен өз алаңында 0:0 есебімен тең түскен «ақсүйектер» Бухаресте румындарды 5:1 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққан португалдар «Барселона», «Ювентус» және «Олимпиакоспен» бір топқы түсті. Әлбетте, мұндай топтан бірінші немесе екінші орынды үміт ету қиынның қиыны еді, «Спортинг» гректерді артта қалдырып, топтық турнирді үшінші орынмен аяқтады да, Еуропа лигасының 1/16-финалынан бір-ақ шықты.


«Спортингтің» құрамы да өте қарымды. Қақпасын Португалия сапындағы Еуропа чемпионы Руи Патрисиу қорғайды. Қорғаныс шебінде Мадридтің «Реалынан» жалға алған Фабио Коэнтрау мен экс-«барселоналық» Жереми Матье бар. Бір қызығы, әдетте жарақаттан көз ашпайтын Коэнтрау биылғы маусымда аттай шауып жүр. Капитандық міндет те соның мойнында. Сондай-ақ, қорғаныста бұл екеуіне уругвайлық Себастьян Коатес пен италиялық Кристиано Пиччини көмектеседі. «Спортингтің» жартылай қорғанысы шеберлерге өте бай. Солардың ішінде 2016 жылғы Еуропа чемпионы Вильям Карвалью мен 22 жасар талант Желсон Мартинштің орны бөлек. Бірақ соңғысы ақпанға дейін команда ауыстыруы да мүмкін. Бұл футболшыны «Ливерпуль» Фелиппе Коутиньоның орынбасары деп есептеп, ол үшін осы қыста-ақ 60 миллион евросын сарп етуге дайын. Ал шабуыл шебінде голландиялық Бас Достың шоқтығы биік. Былтыр Германияның «Вольсбургінен» 12 миллион евроға ауысып келген сұрмерген 35 ойынның ішінде 37 гол соғып үлгеріпті.


Бас бапкері – Жоржу Жезуш. Клуб тізгінін 2015 жылы ұстаған пайғамбар жасындағы маманның жетістіктері жетерлік. Португалияда ең беделді бапкерлердің бірі саналады. «Портудан» басқа елдің барлық ірі клубтарын жаттықтырып, үш рет Португалия чемпионы атанған. Бірақ үшеуін де «Бенфикаға» алып беріпті. Сонымен қатар, 2013 жылы «Бенфикамен» бірге Еуропа лигасының финалына дейін жетіп, тек «Челсиден» жеңілген.

«Астана» – «Спортинг» арасындағы бірінші ойын 2018 жылдың 15 ақпанында «Астана-Аренада» өтсе, жауапты матч 22 ақпанға Лиссабонға жоспарланған.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика