Өзінің досы Нағи Бақытбековпен бірге Германияға аттанып кеткен футболшы Мюнхендегі «ЕСОМ» клиникасында тобығына ота жасатты. Профессор Эрих Рембектің басшылығымен өткен тексерістің нәтижесінде Ұланның аяғынан остеофиттің белгісі табылды. Медициналық тілмен айтқанда остеофит дегеніміз, аяқта қосымша сүйектің өсуі дегенді білдіреді екен. Осылайша дәрігерлер футболшының аяғынан артық сүйекті алып тастау туралы шешім қабылдаған.
Отандық спорт сайттарында таралған ақпараттарға сүйенсек, футболшы жаттығуға 1-1,5 айдан кейін оралады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 7 маусымында Далянда өткен Қытай ұлттық құрамасына қарсы кездесуде ауыр жарақат алған Ұлан Қонысбаев содан бері футболдан тыс жүр. Бұған дейін де аяғына бірқатар оталар жасатып, Қытай мен Италияда ем-дом қабылдаған.