Вернуться к списку статей

Хави Кальеха – "Астана" Еуропадағы жаңа рекордтар сериясын бастайды деп сенемін

Футбол
1K
«Вильярреал» «Астананың» өз алаңындағы рекордтық сериясына қараған жоқ. Елордалықтардың еурокубоктағы ойындарда «Астана-Аренада» қатарынан 17 ойында жеңілістің кермек дәмін татпағаны оларды қызықтырмаған да сияқты. «Біз мұнда жеңіс үшін келгенбіз. Мақсатымызға жеттік», - деді испаниялықтардың бас бапкері Хавьер Кальеха ойыннан кейін.

– Сіз Испания чемпионатының келесі турындағы «Севильяға» қарсы ойынды есте ұстағандықтан Седрик Бакамбуды тек екінші таймда алаңға шығардыңыз ба?

– Шынын айтсам, «Севильямен» болатын матч туралы мүлдем ойланбадым. Өйткені, бірінші кезекте бізге осы ойын маңызды болды. Ал Бакамбу, бұған дейін айтқанымдай, команданың маңызды ойыншысы. Мен оған тек демалып алуға мүмкіндік бердім.

– Бүгін сәттіліктің арқасында жеңіске жеттіңіздер ме, әлде расымен де мықты болдық деп ойлайсыз ба?

– Біздің мақсатымыз – жеңіс еді. Матчтың өте қиын болғанына қарамастан жеңіске қол жеткіздік. Сәттілік дейсіз бе? Сәттілік бірде бар, бірде жоқ. Сәттілік сен жақта болу үшін де тер төгуің керек. Біз жеңіс үшін барымызды салдық.

– Қалай ойлайсыз, «Вильярреалмен» бірге плей-офф кезеңіне өтуге қай команда лайықты, «Славия» ма, әлде «Астана» ма?

– Бұл екі команданы бір-бірімен салыстыруға болмайды. Екеуі де өте мықты. Қалай ойнау қажеттігін біледі. Екеуі де келесі кезеңге өтуге лайықты.

– «Астана» сапындағы қос «қара маржан» Жуниор Кабананга мен Патрик Твумасиге Еуропаның еңселі клубтары көз тігіп жүргені жасырын емес. Бұл екеуі Испания Ла лигасында ойнауға қабілетті ме?

– Бұл екеуі шынымен де талантты екен. Бүгін бұған тағы да көз жеткіздім. Меніңше бұлар Еуропаның кез-келген командасында негізгі құрамда ойнай алады?

– Топтық кезеңде өткізген бес кездесуіңіздің ішінде ең қиыны қайсы болды сіздер үшін?

– Бірінші ойын бәрінен қиын болды. «Астананы» қабылдағанбыз. Ұзақ дайындалдық. Қобалжу басым болды. Бірақ, әйтеуір әупірімдеп жеңіске жеткеніміз есімде.

– Қақпашыларыңыз Мариано Барбоса бірінші голды бойынан асырып алды, екіншісінде де допты оп-оңай өткізіп алды. Оның ойынына қандай баға бересіз?

– Ол Марианоның әлсіздігінен емес, «Астана» футболшыларының шеберлігінен. Әйтпесе, Барбоса біздің негізгі қақпашымыз және біз оған сенеміз.

– «Вильярреалдың» сол қапталдағы қорғанысы бүгін нашар ойнағандай көрінді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Бізде бұл қапталда ойнай алатын екі ойыншы бар. Бірі Адриан Марин, екіншісі Жауме Коста. Екеуі де шебер футболшылар. Бірақ, бүгін аздап шаршаңқы көрінгендері рас.

– «Астана» бұған дейін өз алаңында қатарынан 17 ойында жеңілмей, өзіндік рекорд орнатқан. Бүгін сіздер мұны бұздыңыздар. Бұған не дейсіз?

– Бұл да біздің мықтылығымыздан шығар. Бүгін біз жақсы ойнадық. Таблодағы көрсеткішке де, ойынға да ризамын. Алайда, кез-келген рекорд ерте ме, кеш пе, бітеді. Бұл спорттың заңдылығы. Дегенмен, «Астана» жаңа рекордтар сериясын бастап, ол екі есе ұзақ болады деп үміттенемін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика