Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – "Вильярреалды" жеңу былай тұрсын, тең түсудің өзі ерлік болмақ

Футбол
1K
Станимир Стойлов –
Еуропа лигасының 5-ші туры аясында елордамызда өтетін "Астана" – "Вильярреал" кездесуінің қарсаңында Станимир Стойлов журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, көпшіліктің көкейіндегі бірқатар сұрақтарға жауап берді. Бірақ сұхбаттың басым бөлігі команданың сыйақысына байланысты болды.

– Ертең бізді маңызды ойын күтіп тұр. Көп нәрсе осы матчқа байланысты болмақ. Егер сәтті ойнасақ, онда топтан шығамыз деген сөз. Дегенмен, «Вильярреал» – өте мықты команда. Қазір Испания чемпионатында да жақсы ойнап жатыр. Сондықтан, бізді қиын кездесу күтіп тұр. Біздің жігіттер жанкүйерлерді қуанту үшін бар күштерін салады. Бұл біздіңи осы маусымдағы өз алаңымызда өткізетін соңғы ойынымыз болмақ. Бар күшімізді саламыз.

– Бұған дейін сіз «Астана» футбол клубының ойыншылары биылдыққа әлі күнге дейін сыйақы алмағанын айтып едіңіз. Жағдай реттелді ме? Футболшылардың көңіл-күйлері қандай?

– Біз биылдың ғана емес, өткен жылдың да сыйақыларын әлі алған жоқпыз. Қашан қолымызға тиетінін де білмейміз. Басты демеушіміз – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Олардың да ешбір өкілі бізге келіп, жағдайды түсіндірген жоқ. «Ертең болады немесе осы уақытта аласыңдар» деп ешкім әлі уәде берген жоқ. «Астана» сынды Еуропаға өзін дәлелдеп үлгерген клубтың сыйақысыз қалуы дұрыс емес. Футболшылардың көңіл-күйлерін білмеймін. Бастарына кіріп шыққан жоқпын. Бірақ жағдайды реттеу керек екені анық. Осы орайда бір демеуші табылып, «жігіттер, қам жемей ойнаңдар. Сыйақыны реттеп береміз» деп жатса жақсы болар еді.

– Қазақстанда ешбір жетістікке жетпесе де, ешбір нәтиже көрсетпесе де, жалақысын уақытылы алып, сыйақысын дер кезінде үлестіріп беретін клубтар көп. Осы орайда Еуропаның ең мықты клубтарының өзі қаймығатын «Астананың» сыйақысыз қалуы сіздіңше қаншалықты дұрыс?

– Бұл дұрыс емес. Оның үстіне, Еуропа лигасының ойыны сынды маңызды матчтың қарсаңында мұндай мәселенің көтерілуі мен үшін де өте ауыр. Меніңң басымдағы жағдайды ешбір жаттықтырушы қаламайтын шығар. Футболшылар мен клуб қызметкерлеріне мотивация беру үшін жалақыдан бөлек, сыйақы да керек. Бұл әлемдік спортта қалыптасқан үрдіс. Футболшылар Қазақстан үшін барын салып, Еуропа лигасының әр ойынында жанкештілікпен командаға ұпай әперіп жатыр. Бірақ, сыйақы болмаса, бұл да ұзаққа бармайды. Мысалға, жаттығу кездерінде бастары ауыратындар көбейіп кетеді. Бұл заңдылық. Дегенмен, ертеңгі кездесуде менің командам алаңда барын салады деп үміттенемін.

– Жол қашықтығына байланысты ертеңгі кездесуде «Вильярреалдың» «Астанадан» жеңіліп қалатыны туралы испаниялық журналистер жарыса жазып жатыр. Сіз қалай ойлайсыз, жеңіске деген мүмкіндігіміз қандай?

– Ертең жеңісті былай қойғанда, тең түсудің өзі қиын болады. Сіз «Вильярреалды» біздің топтағы басқа клубтармен салыстырмаңыз. Олардың қасында бұл клубтың деңгейі ғарышта. Ертең жеңіске жетеміз деп ойламаймын. Бірақ, соған тырысуымыз керек. Біздің олардан бір ғана артықшылығымыз – футболшыларымыздың жігерлілігінде және жанкүйерлердің қолдауы. Соның арқасында «Астана» Еуропа футболына лайық өнер көрсетіп жүр.

– «Астананың» ойнамағанына 17-18 күн болды. Ал «Вильярреал» қазір Испанияда әр үш-төрт күн сайын алаңға шығып жүр. Футболшылар доп тебуді ұмытып қалған жоқ па?

– Мені де осы мәселе мазалайды. Екі апта доп теппегеннен гөрі алаңға жиі шығып тұрған жақсы. Футболшылар әрдайым тонуста жүреді. Қазір енді шәкірттерімнің жігерлігіне сенемін. Өз алаңымыздағы соңғы ойын ғой, барымызды саламыз.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика