Вернуться к списку статей

Патрик Твумаси Гана құрамасы сапында жарақат алып қалыпты...

Футбол
1K
Патрик Твумаси – Гана құрамасы сапында. Фото: ghanasportsonline.com
«Астана» футбол клубының үздік ойыншыларының бірі Патрик Твумаси өз елінің ұлттық құрамасы сапында жарақат алып қалыпты.

Патрик Твумаси Қазақстан чемпионаты аяқталысымен Гана құрамасының сапына шақыртылған. Бұл елдің ұлттық құрамасы ертең 2018 жылғы әлем чемпионаты аясындағы соңғы ойынын өткізіп, Египет футболшыларымен додаға түседі. Сол себепті жаттығу жиынын өткізген.

Өкінішке қарай, ghanasportsonline.com басылымының мәлімдеуінше, бейсенбі күні Гана құрамасы мен Glowlamp Academy арасындағы жолдастық кездесуде Патрик Твумаси жарақат алып қалыпты. «Астана» футболшысы бір тайм ойнаған және гол соғудың сәті түспеген. Ал матч 5:1 есебімен аяқталып, осы елдің құрамасы академия командасынан басым түскен.

Әу баста «Твумаси ертеңгі матчта алаңға шықпайды» деген ақпарат тараған. Алайда бүгін Гана футбол қауымдастығының әлеуметтік желідегі ресми твиттері «дәрігерлер емдеп жатыр, ертең алаңға шығуы мүмкін» деп (түпнұсқасы төменде), Патриктің жарақаты тым ауыр емес екендігін меңзегендей болыпты...

Осы ретте айта кетейік, ертеңгі ойын қалай аяқталса да, Африканың үшінші електегі «E» тобынан Ресейдегі әлем чемпионатына Египет құрамасы барады. Себебі олар бес ойыннан 12 ұпай жинап, осы топтағы үш бәсекелесінен қара үзіп кеткен. Ал Гана футболшылары бес матчтан алты ұпай еншілеп, үшінші орында тұр.

Патрик Твумасидің Гана құрамасы сапында жарақат алып қалғанына «Астана» жанкүйерлері алаңдаулы. Себебі Қазақстан чемпионына Еуропа лигасы аясында маңызды екі ойын өткізу керек. Осы екі ойыннан кемі екі ұпай еншілесе, Еурокубок додасының 1/16-финалына шығады...


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика