Бұл ойын былтырғы «Өтпелі матчпен салыстырғанда, жаңа ереже негізінде өтті. Нақтырақ айтар болсақ, «Ақжайық» премьер-лига додасындағыдай алаңға алты легионер шығара алмады. Бірінші лига ережесі бойынша үш легионермен ойнады. Сондықтан екі команданың деңгейі біршама теңесті деуге де болады.
Бірінші лигада 4-орын (!) алған команда премьер-лиганың 10-шы клубына дес берген жоқ. Қуаныш Қарақұлов жаттықтыратын ұжым сауатты тактика қолданып, жанкештілік танытты. Қорғанысқа мейілінше көңіл болып, қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Қақпашысы Алмас Қамытбеков қайсарлықтың үлгісін паш етті.
«Ақжайық» сегіз легионерінің ішінен үшеуін таңдап алыпты. Олар – орталық қорғаушы Майкл Одибе, қорғанысқа тірек болар шептегі әмбебап ойыншысы һәм вице-капитаны Предраг Говедарица және шабуылшы Константин Дудченко. Қосалқы құрам орындығында орталық қорғаушы Йован Николич пен шабуылшы Марко Дурович отырды.
Орал клубының бас бапкері Вахид Масудов ХХХІІІ турда «Астанамен» өткен матчта Дудченконың алаңға мүлде шығарған жоқ болатын. Ал Одибені алаң иелері бір гол соққан соң, 54-минутта алмастырған. Осы екеуін бүгінгі «Өтпелі матчқа» сақтағаны сол кезде-ақ түсінікті болған.
Бүгін «Ақжайық» бойы сырықтай (194 см) Дудченкоға ерекше сенім артты. Алғы шепте допты осы Украина шабуылшысына жеткізіп, оған жан-жақты мүмкіндік жасаумен болды. Тіпті пенальтиді де басқа ойыншы емес, дәл осы Дудченко орындады...
Алайда есепті бірінші лига командасы соқты. Эльмар Набиев айып соққысын орындап, допты шыр айналдыра теуіп, қақпа тоғыздығына бағыттады. «Ақжайықтың» қақпашысы Вячеслав Котляр ышқына секіріп, оны тойтарған. Бірақ кері қайтқан допты өзгелерден бұрын қимылдаған Самит Чулагов қақпаға сүңгітті...
Көрермендер дүр сілкінді. «Мақтаарал» ойыншыларының өздеріне деген сенімдіктері арта түсті. Ал «Ақжайық» сең соққандай күйге түсті. Әйтсе де, еңселерін тіктеп, тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Тыным таппай шабуылдап, таразы басын теңестіруге тырысты.
Әрі бақтары жанып, бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минутта есепті теңестірді де. Азат Ерсәлімовтің әуелетіп, көлбеулете берген добын Дудченко қақпаға енгізді. Егер Орал клубы үзіліске дейін таразы басын теңестірмегенде, ойынның екінші жартысында оларға мүлде қиын болар ма еді?...
Екінші таймда да «Ақжайық» атойлап алға шауып, «Мақтааралды» қыспаққа ала түсті. Бірінші лига командасы қапысын тауып, қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды. Бірақ ойыншылары титықтап қалды ма, уақыт өткен сайын жылдамдықтары бәсеңси бастады.
Екінші тайм бел ортасынан ауған кезде «Ақжайық» пенальти тебу мүмкіндігіне ие болды. 11-метрлік айып соққысын Дудченко орындаған. Бірақ Қамытбековтен айласын асыра алмады. Қақпашы допқа атылып, бауырына басып алды. көрермендер тағы да дүр сілкінді...
Алайда бұл ойында жеңіс «Ақжайыққа бұйырды. Деңгейі жоғарылау команда тағы бір гол соғып, премьер-лига жолдамасына соңғы минуттарда ғана қол жеткізді. Ерсәлімовтің доғаша иіп, айып алаңының орта тұсына бағыттаған добын, Дудченко ма, қорғаушы ма, біреуі қақпаға дөп түсірді. Қақпашы қапы қалды.
Осылай «Ақжайық» әупіріммен жеңіске жетті. Енді келесі жылғы додаға дайындалады. Ал «Мақтаарал» жанкештіліктің үлгісін паш етті. Еңбектері еш болмай, көрермендер сүйіспеншілігіне бөленді. Қуаныш Қарақұлов жаттықтыратын командаға қаржы көбірек бөлінсе, әлеуеттері жоғары сияқты...
«Ақжайық» – «Мақтаарал» – 2:1 (1:1)
Голдар: Чулагов, 35 (0:1). Дудченко, 45+1 (1:1). Дудченко, 86 (2:1).
77-минутта Дудченко пенальти соға алмады.
Ескерту: Чулагов, 26. Власичев, 53. Дудченко, 81. Пасеченко, 81.
«Ақжайық»: Котляр, Ерсәлімов, Сапанов (к), Одибе, Шмидт, Говедарица, Шабаев, Антипов (Аяғанов, 90+2), Заречный (Тапалов, 65), Перцух, Дудченко.
Қосалқы құрам: Төлебаев, Николич, Дурович, Главина, Зұлпықаров.
«Мақтаарал»: Қамытбеков, Қамбіл, Пасеченко, Власичев (Аулабаев, 55), Лебединский, Шубаев, Саурамбаев, Қарабек, Задорожный (к), Набиев (Алекперзаде, 78), Чулагов.
Қосалқы құрам: Сивожелезов, Құлымбетов, Махамбетов, Орынбеков, Муканов, Арипов, Ілімов.
09 қараша, 2017. Астана, «Астана Арена». 1900 көрермен.