Вернуться к списку статей

"Тараз" соңғы турда "Қайсардан" ұтылып қалды

Футбол
1K
Маусымның соңғы турында кездескен «Тараз» бен «Қайсар» арасындағы ойынның тағдырын жалғыз гол шешті. Қызылордалықтар жеңіп қана қойған жоқ, турнир кестесінде 6-орынға көтерілді.

«Тараздың» тағдыры күні бұрын белгілі болып қойған. Қазақстан футбол федерациясының қалауымен алты ұпайынан айрылған Ваит Талғаев шәкірттері сол күйі естерін жия алмастан Бірінші лигадан бір-ақ шыққан. «Қайсарға» қарсы матч ешнәрсені өзгертпесе де, соңғы турда өз алаңында «Тараз» жабырқаулы жанкүйерлерін қуантуға тырысады деп күткенбіз. Жоқ, керісінше, «Қайсар» жарады. Түзде жаралы аңның жарасын одан сайын басып, турнир кестесінде 6-орынға көтерілді.

«Тараз» – «Қайсар» (Қызылорда) 0:1 (0:0)

Голы: Евстигнеев, 57 (0:1).

Ескертулер: Фещук 40, Эргашев 75, Бойович 75, Жахаев 83, Граф 85.

Қызыл қағаз: Бойович, 81.

«Тараз»: Бабаханов, Эргашев, Диара, Фещук, Шипицин, Мане, Шадманов, Зайнутдинов, Әмірханов (к), Молтусинов (Горячий 52), Байжанов (Қожамберді 46).

Резерв: Зайнутдинов, Қараман, Таубай, Хайруллин, Қарпық.

«Қайсар»: Исламқұлов, Аржанов, Граф, Курьор, Ламанж, Джа Джедже (Алтынбеков 90+1), Әмірсейітов, Евстигнеев, Нәрзілдаев (к), Жаңғылышбай (Бойович 56), Жақаев (Мулдаров 90+3).

Резерв: Григоренко, Байжанов, Сахалбаев, Балтаев.

Төрешілер: Григорий Московченко (Павлодар), Алексей Шабанов, Сергей Васютин (екеуі де – Алматы)

Тараз қаласы, Орталық стадион. 1000 көрермен.

Бірінші тайм тең дәрежеде өтті. Жанкүйерлерінің айтағынан қаймыққан алаң иелері бас кезінде шабуылдауға тырысқанымен Марсель Исламқұловтың қақпасына ешнәрсе де дарыған жоқ. Ал көп ұзамай қонақтар да алаңға бой үйретіп, «тараздықтарды» тықсырта бастады. Бірақ талас негізінен алаң ортасында өрбіп, екі жақ та бірінші кезекте орталықта қожайын болудың қамын жасады.

Екінші таймда Ваит Талғаев шәкірттері қамшыны қайта басты. Бірақ «Қайсардың» қарымта шабуылдарын өткізіп алып, «Тараз» футбол клубының түлегі Дмитрий Евстигнеевтің айып алаңының сыртынан тепкен добы доғалай ұшып, қақпа бағанасына тиді де, Жорахан Бабаханов қақпасында тулап жатты. Есеп – 0:1

Голдың алдында қонақтардың бас бапкері Стойчо Младенов Тоқтар Жаңғылышбайды алып тастап, орнына Милан Бойовичті шығарған. Сол Бойович 75-ші минутта ескерту қағазын алды да, кездесудің аяқталуына 10 минут қалғанда Бабахановпен оңбай соғысып, екеуі екі шетте аунап жатты. Ал дәрігерлер келіп, алаңнан көтеріп алып шығып бара жатқанда бас төреші оған қызыл қағаз көрсетіп, «Қайсар» кем құрамда қалды.

Соңғы минуттарда «Тараз» қанша шабуылдап, таразы басын теңестіруге тырысқанымен таблодағы есеп өзгерген жоқ. Енді олар алда-жалда ешнәрсе өзгеріп кетпесе, келесі маусымды Бірінші лигада өткізеді. Ал «Қайсар» ендігі жылы Еуропа лигасының жолдамасына да таласып қалуы мүмкін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика