Вернуться к списку статей

"Ақтөбені" ұтқанымен "Қайрат" үшінші жыл қатарынан қанағат тұтты күмісті

Футбол
1K
Соңғы турда өз алаңында «Ақтөбені» 3:2 есебімен ұтса да Алматының «Қайраты» Қазақстан чемпионы атана алмады. Қайрат Боранбаев үшінші жыл қатарынан күмісті қанағат қылуға мәжбүр.

Вице-чемпион болғандарын атап өтіп жатқан «Қайрат» футболшылары дәл қазір гүржі маманы Кахабер Цхададзені «әдемі сөздермен» еске алып жатқан шығар. Футболшылармен «беттен сүйіп» амандасатын Қап тауынан келген бапкер биыл «Қайратты» ұшпаққа шығара алмады. Еуропа лигасында да масқара болып, албаниялықтардан ұтылды. Ел чемпионатында да екі ойынның бірінде тең ойнап, жиі ұпай жоғалта берді. Ақыры орнынан алып тастады. Бұл кезде алматылықтар «Астанадан» жеті ұпайға қалып қойған еді.

Абырой болғанда ва-банкке барып шақырған жаттықтырушысы Карлос Феррер үміттерін ақтап, чемпионаттың соңына дейін ұпай айырмашылығын біреуге дейін қысқартты. Тіпті, «Астана-Аренада» өткен өзара кездесуде елордалықтарды 2:0 есебімен жеңіп кетті. Бірақ, бәрібір де «Астананы» қуып жете алмады.

Соңғы турда «Ақтөбені» қабылдадаған. Чемпион атану үшін алматылықтарға өздері «Ақтөбені» ұтып қана қоймай, «Астананың» да сүрінуін тілеу керек болған. Ойындардың барлығы бір уақытта басталғанымен техникасы дамыған дәуірде өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Олар да бәсекелестерінің жағдайын біліп отырды. Бірінші таймда «Астананың» соққылары «Ақжайық» қақпасына дарымай жатқандығы «Қайратқа» жақсы еді. Оралдықтардың қорғанысына үміт артып, өздері де «Ақтөбені» ұтуға тырысты. Бірақ, бірінші таймның соңына дейін қонақтардың қамалын бұза алмай, әбігерге түсті. Ақыры үзіліске екі минут қалғанда Исаэлдің бұрыштамадан асырған пасын баспен голға айналдырған испаниялық Сесар Арсо алаң иелерін алға шығарды.

Үзілістен кейін да алматылықтар қарқындарын бәсеңдеткен жоқ. «Ақтөбені» тықсырта түсті. Сөйтіп, Акош Электің пасынан кейін маусымның үздік сұрмергені Жерар Гоу есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда, бұл кезде елордада «Астана» футболшылары да «Ақжайық» қақпасына гол соғып, онлайн кестеде қайта бірінші орынға көтерілген. Шамасы, алматылықтар мұны білді ғой деймін, жігерлері құм сепкендей басылып, еңселері түсіп мардымды шабуылдар жасай алмай, чемпиондықтан үміттері үзіле бастағанын сезді.

Мұны Владимир Муханов шәкірттері сәтті пайдаланды. Бұрыштаманы «Барселона» мәнерінде орындамақ болғандай көрінген. Бірақ әріптесінен пас алған Томаш Шимкович айып алаңына асырған да жоқ, өзге командаласымен де пас алмаспады. Қақпаға қақырата тепті. Мұндайды күтпеген «Қайрат» қақпашысы Стас Покатилов допты қолының астынан өткізіп алды.

Алайда, «Қайраттың» бір атары әлі таусылмаған екен. Матчтың 70-ші минутында Исаэлден пас алған Андрей Аршавин гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді. Қорғаушылар офсайд деп жүгіргенімен қапталдағы төреші жалаушасын көтермегендіктен мұның бәрі бекер еді.

Есесіне ойынның соңғы минутында қонақтар пенальти орындауға мүмкіндік алды. Томаш Шимковичтің әуелете асырған пасын қайтарам деп допты қолмен қаққан Станислав Лунин командасын қиын жағдайға қалдырды. Абырой болғанда бұл соңғы минуттағы жағдай болғандықтан Томаш Шимковичтің нүктеген соққан голы ойынға өзгеріс енгізе алған жоқ.

Қорытынды есеп – 3:2, «Қайрат» Қазақстан чемпионатының вице-чемпионы.

Енді алматылықтар келесі маусымға дайындалатын болады. Дегенмен, бас бапкердің тағдыры әлі белгісіз. Карлос Алос Феррердің келісімшарты осы маусымның соңына дейін ғана болатын. Енді Қайрат Боранбаевтың шешімін күтеміз.

«Қайрат» (Алматы) – «Ақтөбе» 3:2 (1:0)

Голдар: Нейн, 44 (АГ) (1:0). Гоу, 52 (2:0). Шимкович Томаш, 60 (2:1). Аршавин, 70 (3:1). Шимкович, 90+9 (3:2).

«Қайрат»: Покатилов, Исаэль, Аршавин, Гоу, Арзо, Элек, Бато, Сүйімбаев, Қуат, Лунин, Исламхан (к).

Резерв: Плотников, Чума, Вороговский, Рудосельский, Тұрысбек, Балтабаев, Соколенко, Әбікен, Парагульгов.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Муарем, Савич, Шимкович, Нейн, Фог-Поррье, Колчак, Кәкімов, Шестаков, Шурыгин, Валиуллин.

Резерв: Отарбаев, Обрадович, Сәулет, Айтбаев, Зенькович, Қайыров, Жұмағали, Жүнісов, Айымбетов.

Төрешілер: Денис Тевяшов (Орал), Айдын Тасыбаев (Павлодар), Александр Полуэктов (Тараз)

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика