Қазақстан футбол федерациясының ребрендинг жасап, атауы мен логотипін өзгерткені туралы ҚФФ сайтында кеше жарияланды.
«2017 жылдың 12 қазан күні Астанада Қазақстан футбол федерациясының XV Конференциясы өтті. Шара барысында ұйым атауын өзгерту туралы шешім қабылданды. Енді ұйым аты – Қазақстан футбол федерациясы, ал қысқаша атауы – ҚФФ.
Осыған қоса Қазақстан футбол федерациясының логотипі де өзгеріске ұшырады. Енді ол замануи әрі жинақы. Федерацияның тек атауы қатты өзгерді. Логотиптегі толық атау ҚФФ-ға ауысты. Осылайша ол көзге ерекше көрінеді және оны халықаралық деңгейде қолдануға да тиімді.
Ал фирмалық түстер мен негізгі элементтер өзгеріссіз қалды: бүркіт (еркіндік пен тәуелсіздіктің белгісі),доп (футбол) және күн (болашаққа деген шуақты әрі сенімді көзқарас). Жаңа фирмалық стильге ауысу 2017 жылдың соңына дейін жүреді».
ҚФФ сайтында осылай деп жазылған. Жарайды төлтаңбаның дизайнына зер салмай-ақ қояйық. Неліктен қазақ тілінен бас тартып, «Қазақстан футбол федерациясы» деген жазудың ағылшынша «Kazakhstan» деп алмасуын түсіне алмай далмыз. Әліпбиіміз латынға көшіп жатқан шақта «Qazaqstan» деп ауыстыру дұрыс болар ма еді деген ой ғой біздікі. Әлде, еуропалықтарға «Qazaqstan» деген сөз түсініксіз бе? Жоқ әлде, келесі жылы тағы да ребрендинг жасап, халықтан сүйінші сұрап жар саламыз ба?
Жалпы, қазан айының соңында өткен Қазақстан футбол федерациясының Кезекті Конференциясында бас хатшы Қаныш Әубәкіров былай деген екен:
– Біз Сейілдә Икрамұлымен бірге УЕФА-ның әртүрлі жиналыстарына қатысып жүрміз. Көптеген Федерациялардың өкілдерімен араласамыз. Сонда намысыма тиетіні, олар бізді Косовомен шатастырады. Өйткені, қысқартқанда екі Федерацияның да атауы FFK деп жазылады. Әрине, мұның барлығы ұсақ-түйек нәрселер. Дегенмен, шымбайымызға бататыны рас. Сондықтан, «Федерация футбола Казахстана» дегенді «Казахстанская федерация футбола» деп өзгерту туралы шешім қабылдадық. Енді бізді ешкім шатастырмайды, - деген көрінеді бас хатшы.
Міне, осылайша Қазақстан футбол федерациясының басшылары ұзақ ойланып, ел футболын Еуропаға танытудың жолы осы деп тауыпты.