Вернуться к списку статей

Бірінші лига додасы аяқталды

Футбол
1K
Бірінші лига додасы. Фото: shahter.kz
Қазақстан чемпионатының Бірінші лигадағы доп додасы бүгін тәмамдалды.  ХХVІІ турдағы үш матчтың екеуінде қонақтар жеңіске жетіп, біреуі тең аяқталды.

«Қызыл-Жар» өз алаңында «Екібастұзды» тізерлете алмай, тең түсті. Премьер-лига жолдамасына бес тур бұрын қол жеткізіп, қарқындарын бәсеңсітіп алғандары белгілі. Қонақтар есепті матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минутта теңетіріп, Петропавлдан бір ұпай олжалап қайтты.

«Шахтер-Болат» Қызылордада «Байқоңырдан» басым түсті. Бірінші таймда алаң иелері бір гол соққанымен, ойынның екінші жартысында қонақтар екі доппен жауап беріп, Сыр елінен үш ұпай еншілеп қайтты. Әйтсе де, турнир кестесінде қызылордалықтарды қуып жете алмай, олардан кейін орналасты.

Оңтүстік Қазақстан облысы дербиінде «Қыран» басым түсті. Жалқы голды бірінші лигада жиі көзге түсіп жүрген, үздік ойыншылардың бірі Асқар Абұтов соқты. Бірақ «Мақтааралдың» өз есебі – өзінде. Олар 9 қараша күні премьер-лигада 10-орын алған клубпен «Өтпелі матчта» додаға түседі.

Ал «Қайрат А» – «Каспий» матчы өткен жоқ. Ақтау клубы жаңа басқару жүйесіне көшіп жатқандықтан, осыдан бір аптадай уақыт бұрын Алматыға бара алмайтындарын ресми түрде мәлімдеп, Кәсіпқой футбол лигасын хабардар еткен. Енді ҚФФ Тәртіптік-бақылау комитеті осы матчқа қатысты шешім шығаруы керек.            

«Қызыл-Жар СК» – «Екібастұз» – 2:2

Голдар: Джамаришвили, 48 (0:1). Эльмурзаев, 73 (1:1). Алиев, 82 (2:1). Панасенко, 90+1 (2:2).

«Байқоңыр» – «Шахтёр-Болат» – 1:2

Голдар: Балымбетов, 33 (1:0). Ветров, 49 (1:1). Жүсіпов, 83 (1:2).

«Мақтаарал» – «Қыран» – 0:1

Гол: Абұтов, 61 (0:1).

«Қайрат А» – «Каспий» – өткен жоқ


Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика