«Тараздың» соңғы мүмкіндігі еді. Тым болмаса, тең түскенінде, әлі де үміті үзілмес еді. Алайда Жайық жағасында жеңілістің кермек дәмін татты. Жамбылдық клубтың бас бапкері бәріне өзін кінәлайды. Бірақ Ваит Талғаев кінәлі емес.
«Тараздың» бұрынғы қарыздары үшін алты ұпайы «қолды болмағанда», яғни шегеріліп тасталмағанда, Ваит-ағаның командасы премьер-лигадағы орнынан айырылмас та ма еді?! Көктемде «Алтайдың» орнын басқан клуб қайтадан бірінші лигаға кетіп барады...
«Атырау» да биыл тар жол тайғақ кешуден өтті. Тоғыз ұпай шегерілген, алты ұпайын қайтып алды. Екі рет бас бапкерін ауыстырды. Ақыры шетелдік мамандар емес, өз жаттықтырушыларымызға сенім артты. Тығырықтан алып шыққан да – өз бапкеріміз Қуаныш Қабдолов.
Бүгінгі ойынның бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Негізі, алаң иелері гол соғып еді, оны төреші «офсайд болды» деп, есепке алмады. Есесіне, ойынның екінші жартысында таразы басы екі жаққа алма-кезек ауып, бес гол соғылды. Үшеуін «Атырау» соғып жеңіске жетті.
Ашығын айтуымыз керек, бүгін «Мұнайшы» стадионының алаңы сын көтермейтіндей күйде болды. Ойыншылардың көбісінің үсті-бастары саз, аяқтарын алып жүру оңай емес. Қақпаның алды ығы-жығы болып, қақпашылар көп қателесті. Оларға мүлде қиын болды.
«Атырау» – «Тараз» – 3:2
Голдар: Зайнутдинов, 69 (0:1). Сикимич, 71 (1:1). Хайруллин, 77 (2:1). Зайнутдинов, 79 (2:2). Аблитаров, 81 (3:2).
Ескертулер: Мане, 11. Қожамберді, 68.
«Атырау»: Нарзикулов, Абдрахманов, Лобжанидзе, Аблитаров, Эсатов, Джокич, Максимович, Чичулин (Сүлей, 72), Саломов (Двалишвили, 65), М.Хайруллин (к), Сикимич (Тәжімбетов, 86).
Қосалқы құрам: Пасеченко, Обшивач, Мәжитов, Қалмұратов, Қайыраллиев, Коробов.
«Тараз»: Бабаханов, Шадманов, Воротников, Молтусинов, Шипицин (к), Горбанец, Эргашев, Зайнутдинов, Байжанов, Қожамберді, Мане.
Қосалқы құрам: Логиновский, Нұралы, Қараман, Р.Хайруллин, Қарпық, Горячий.
Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Сүйінов, Тасыбаев (екеуі де – Павлодар).
28 қазан, 2017. Атырау, «Мұнайшы». 2500 көрермен.