Вернуться к списку статей

«Астананың» «Қайратқа» шамасы жетпей-ақ қойды

Футбол
1K
«Астана» – «Қайрат» – 0:2. Фото: fca.kz
ХХХІІ турдағы ең қызықты және маңызды ойын «Астана» мен «Қайрат» арасындағы матч болды.

Ойын басталған бетте «Астана» алға қарай лап қойды. Доп негізінен алаң иелерінде болды. Олар қонақтарын тықсырып, алматылықтардың қорғанысын піспектеумен болды. Әрине, «Қайрат» та қарап қалған жоқ. Жылдам шабуыл ұйымдастырып отырды. Олардың қарсы шабуылдары өте қауіпті болды.

Бірінші таймның аяғына қарай дода көрігі қыза түсті. «Астана» қонақтарын кері қарай ығыстырып тастады. Ойын алматылықтардың қақпасының маңында өрбіді. Алаң иелерінің бірлі-жарым мүмкіндіктері де болды. Бірақ «Қайраттың» қорғаушылары олардың ойланып-толғануларына мұрша бермеді.

«Астана» бірінші таймда гол соққаннан гөрі өз қақпасына доп жіберіп алмауды ойлады. Бұлай дейтін себебіміз, алаң иелері бірнеше рет лопты ойынға бұрыштан қосты. Сонда қорғаушыларының барлығы дерлік «Қайраттың» қақпасының алдына барған жоқ. Төрт ойыншы үнемі тылда тұрды.

Басымен гол соғуға шебер Юрий Логвиненко «Қайраттың» шабуылшысы Жерар Гоудан бір елі қалған жоқ. Аничич те ол екеуінен алыстап кеткен жоқ. Алаң иелерінің орталық қорғаушылары қонақтардың шабуылшысын бағып, басқан ізін аңдумен болды.

Бірінші таймның аяғына қарай Акош Элек жарақаттанып қалып, испан маманы Алос Феререр Карлос көпшілікті таң қалдырып, оның орнына Айбол Әбікенді шығарды. Дәл сол кезде осы ойынның тағдырын дәл осы жас футболшы шешетінін кім білген...

Екінші таймда «Қайрат» қамшыны басты. Көптен бері «Астананың» үш-төрт күн сайын бір ойын өткізіп жүргенін біледі. Бір тайм жүгіртіп алып, ойынның екінші жартысында қарқындарын үдетуді жоспарлап келген сияқты. Алаң иелері айылдарын жимай, тайталасып бақты.

Алма-кезек шабуылға ұласқан ойында «Астана» футболшылары тағы да бірлі-жарым мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Әсіресе, Роман Муртазаев гол соғатын оңтайлы сәтте жаза басты. Негізі, бұл жолы бірінші таймдағыдан да ыңғайлы сәт, тамаша мүмкіндік болып еді.

Ал «Қайрат» қарқынын үдете түсті. Әрі 71-минутта, доп ойынға бұрыштан қосылған сәтте есеп ашты. «Астана» қорғаушылары қонақтарының бойлары сырықтай ойыншыларын бағып жүргенде, Айбол Әбікен ширақ қимылдап, алаң иелерін тақырға отырғызып кетті.

Бұдан кейін «Астана» таразы басын теңестірмек болып, алға ұмтылды. Әрі Юрий Логвиненко жарақат алып қалып, емханаға жөнелтілді. Осыдан кейін алаң иелерінің қорғанысы божырап, ойындары қожырап, «Қайраттың» есепті ұлғайтатын мүмкіндігі арта түсті. Әрі алматылықтар есепті еселеді де...

88-минутта қонақтар алаң иелерін сеңдей соғыстырып, қателесуге мәжбүрледі де, Гоу командалас серіктерінің арқасында есепті ұлғайтты. Ал Чума Анененің бірнеше гол соғатын мүмкіндігі болды. Бірақ ол допты «Астананың» қақпасына қалай дөп түсіруге “болмайтындыған” паш етіп, қиыс тебумен болды...   

Сөйтіп, «Қайрат» биыл «Астанадан» биыл үшінші рет басым түсті (оған әлі тоқталамыз). Құрамында Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Иво Иличевич, Жарко Маркович сынды тәжірибелі ойыншылары болмаса да, Айбол Әбікен сияқты жас таланттарымен-ақ тізе бүктірді.

Енді ел чемпионы соңғы турда анықталады. «Астана» «Ақжайықпен», ал «Қайрат» «Ақтөбемен» кездеседі. Елорда клубына Орал командасын қалай да ұту керек. Әйтпесе, қолындағы алтыннан айырылып қалады. Чемпионат соңында екі рет ұтылып, алматылықтардың қуып жетуіне мүмкіндік беріп алды...

«Астана» – «Қайрат» – 0:2

Голдар: Әбікен, 71. Гоу, 88.

Ескертулер: Твумаси, 45. Шомко, 45+2. Бато, 45+2. Маевский, 67. Қуат, 82, Покатилов, 90+3.

«Астана»: Эрич (к), Шомко, Логвиненко (Постников, 79), Аничич, Шитов, Маевский, Бейсебеков (Томасов, 74), Мұжықов, Муртазаев, Твумаси (Деспотович, 86), Кабананга.

Қосалқы құрам: Мокин, Граховац, Прокопенко, Тағыберген, Малый, Құсәпов

«Қайрат»: Покатилов, Сүйімбаев, Арзо, Бато, Лунин, Элек (Әбікен, 37), Қуат (к), Аршавин (Вороговский, 90), Парагульгов (Анене, 62), Исаэль, Гоу.

Қосалқы құрам: Плотников, Соколенко, Рудосельский, Қуантаев, Тұрысбек, Балтабаев.

Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Ходин, Шәріпов (екеуі де – Атырау).

28 қазан, 2017. Астана, «Астана Арена». 12000 көрермен.


* Ескерту – «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика