Вернуться к списку статей

"Ақтөбеге" "Ордабасыны" ұту үшін үш мүмкіндік қажет болды

Футбол
1K
«Ақтөбе» осы маусымда өз алаңындағы соңғы ойынын өткізді. «Ордабасымен» ойнаған Владимир Муханов шәкірттері қонақтар қақпасына жауапсыз екі гол соқты.

Әкімнің айқайы әсер еткен бе, түзде «Тараздан» ұтылып, Премьер-лигадан ұшып кетудің сәл-ақ алдында тұрған «Ақтөбе» есін тез жиып алды. Алдымен Павлодарда Еуропа лигасының жолдамасынан үмітті «Ертіспен» тең ойнап қайтса, бүгін өз алаңында «Ордабасыны» ұтты.

«Ақтөбе» – «Ордабасы» (Шымкент) 2:0 (0:0)

Голдар: Муарем Муарем, 55 (1:0). Шимкович, 75 (2:0).

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Муарем Муарем, Савич, Шимкович, Нейн, Фог-Поррье, Колчак, Кәкімов, Шестаков, Шурыгин, Валиуллин.

Резерв: Отарбаев, Обрадович, Сәулет, Айтбаев, Зенькович, Қайыров, Жұмағали, Жүнісов, Айымбетов.

«Ордабасы»: Бекбаев, Гейнрих, Диакате, Симчевич, Бочаров, Йорданов, Каньяс, Әшірбеков (к), Смақов, Төлебек, Қожабаев.

Резерв: Нурмухаметов, Жақсыбаев, Жұмаханов, Ли.

Төрешілер: Данияр Сахи (Қызылорда), Әлібек Әубәкіров (Астана), Евгений Бельский (Тараз)

Ақтөбе, Қобыланды батыр стадионы.

«Ордабасының» ел чемпионатында қоланы еншілеп қойғанына біраз тур болған. Қазір оларға ұпайың аса қажет емес. Дегенмен, бірінші таймда алаң иелеріне беріскен жоқ. Петрушин де негізгі құрамға тәжірибелі ойыншыларын шығарыпты. Соған қарағанда қаржыдан қанша қағажу көрсе де, футболшылары ақшаларын өз уақытында алып жатқан сияқты. Әйтеуір, аяқтарын тарта ойнаған ешкімді көрмедік.

Өз алаңындағы соңғы матч болғандықтан «ақтөбеліктер» жанкүйерлерін жеңіспен қуантқылары келіп, бірінші минуттан-ақ шабуылға лап қойды. Бірақ, Алмат Бекбаев қорғаған қақпаға доп өтпеді. Үзілістен кейін Владимир Муханов шәкірттері қарқындарын одан сайын күшейтті. Ақыры матчтың 55-ші минутында македониялық легионер Муарем Муарем «Ақтөбені» алға шығарса, араға 20 минут салып аустриялық жартылай қорғаушы есепті 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін екі жақ та қақпа маңын торуылдағанымен таблодағы көрсеткіш сол күйі өзгерген жоқ.

Бұл осы командалардың биылғы маусымдағы үшінші ойындары болатын. Алғашқы екі кездесу шымкенттіктердің жеңісімен аяқталған.

«Ақтөбе» енді соңғы турда қонаққа Алматыға барады. Чемпиондықтан әлі де үмітті «Қайратқа» қарсы қауқар көрсете алар ма екен? Ал «Ордабасы» өз алаңында осы маусымның ең осал командасы «Оқжетпесті» қабылдайды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика