Еліміздің Кәсіпқой футбол федерациясындағы «2017 жылғы ойындар күнтізбесіне» сүйенсек, биыл FIFA-ның ресми күндері бес мерзімге жоспарланып, бекітілген болатын:
- 20 – 28 наурыз;
- 5 – 13 маусым;
- 28 тамыз – 5 қыркүйек;
- 2 – 10 қазан;
- 6 – 14 қараша.
Осы күндері көптеген елдің ұлттық құрамалары жолдастық кездесулер өткізді. Қазақстан құрамасы тек 22 наурызда Кипр футболшыларымен кездесіп, 1:3 есебімен ұтылып қалды. Содан бері жолдастық кездесу дегеннің не екенін ұмыттық...
Жолдастық кездесулер не үшін керек?:
- Маңызды және ресми ойындар қарсаңында, ұлттық құраманың ойын өрнегін жетілдере түсу үшін;
- Әр командадан жиналған ойыншылар жасыл алаңда бір-бірімен тіл табысып, түсінісіп кету үшін;
- Ойын барысында қандай да бір айла-әркеттерді жүзеге асырып, машықтана түсу үшін;
- Құраманың осалдау шебіне, сондай-ақ жарақаттанып немесе ескерту алып, қатардан шығып қалғандардың орындарына басқа ойыншыларды шғарып, іс жүзінде тексеріп көру үшін және оларды құраманың ұжымдық ойын өрнегіне бейімдеу үшін;
- Ел чемпионатында көзге түсіп жүрген басқа ойыншылар мен жастарды тартып, оларды да құраманың құраманың ұжымдық ойын өрнегіне икемдеу үшін;
- Ең соңында, бәлкім ең бастысы да болар, жолдастық кездесулерде ойын өрнегі үйлеспей жүрген құрамаларды жеңіп, FIFA-ның ұлттық құрамалар рейтингісінде жоғары өрлеуге тырысу үшін және тағысын тағы...
Өкінішке қарай, биыл біздің құрама бұлардың біреуінде жүзеге асыра алмаған сияқты. Жыл бойы бір-ақ рет жолдастық кездесу өтті. Неге наурыздан бері бірде-бір тағы да осындай ойын өткізілмеді? Қазақстан футбол федерациясы бұл жөнінде тіс жарып, ештеңе айтқан емес. Ешқандай ресми түрдегі мәлімдемені көрген жоқпыз...
Әлде жолдастық кездесу ұйымдастыру үшін басқа елдердің ұлттық федерацияларымен немесе жауапты адамдарымен, менежерлерімен тіл табысу мүмкін болмай жүр ме? Келіссөздер жүргізу күрмеуі күрделі мәселеге айналып отыр ма? Мұны дөп басып айта алмаймыз.
Бәлкім, бұл ретте барлық мәселе ақшаға келіп тіреледі дерсіздер. Алайда «қалауын тапсаң, қар жанады» дегендей, мұның да шешімін табуға болады емес пе?! Мәселен, былтыр маусым айында Қазақстан құрамасы Қытаймен жолдастық кездесу өткізген. Сол кезде ҚФФ-ның сол кездегі президенті «бар шығынды қарсыластарымыз өз мойындарына алды» деген болатын...
Ұзын сөздің қысқасы, биыл бір ғана жолдастық кездесу өткіздік (оның өзін ерте көктемде). Соның кесірінен ұлттық құраманың ойын өрнегін жетілдіре алмадық. Өз алаңымызда Армения құрамасымен ғана тең түсіп, қалған ойындарды ұтылдық. Ал FIFA-ның ұлттық құрамалар рейтингісінде төмен құлдырап, 133-орынға табан тіредік.
Бірнеше күннен кейін FIFA-ның биылғы жылғы соңғы ресми күндері басталады. Біздің құрама Талғарға барып, оқу-жаттығу жиынын өткізіп, еліміздің жастар арасындағы құрамасымен екі рет “жолдастық кездесу” өткізетін болып отыр...
Ал басқа елдер халықаралық аренада жолдастық кездесулер өткізеді. Олардың саны өте көп. Мысалы, Түркия – Албания, Финляндия – Эстония, Венгрия – Люксембург, Гонконг – Бахрейн, Камбоджа – Мьянма, Теркс және Кайкос аралдары – Барбадос құрамалары өзара кездесіп, әлеуеттерін іс жүзінде тексеріп көреді. Бәрін тізбей-ақ та қояйық. Ал біздің құрама – Талғарда...