Вернуться к списку статей

"Оқжетпес" пен "Маккабидің" деңгейі бірдей ме?

Футбол
1K
Турнир кестесінің ең төменгі сатысына мықтап орналасқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» Бірінші лигаға түсіп қалудың сәл-ақ алдында тұр. Кеше «Астанадан» 0:4 есебімен жеңілді. Дегенмен, бас бапкері Сергей Попков командасын Премьер-лигада сақтап қалуға әлі де үміттенеді екен.

– Сергей Николаевич, елордалықтардан 0:4 есебімен ұтылдыңыздар. «Астана» мен «Оқжетпестің» айырмашылығы қандай екен?

– «Астана» шын мықты екен. Қазақстан чемпионатының қалған ойындары мен Еуропа лигасында да осындай ойын өрнегін көрсетулерін тілеймін. Ал өзімізге келер болсақ, қорғаныстан шабуылға көшу тактикамыз футболдан гөрі гандболға көбірек ұқсап жатты. Бірақ, елордалықтарға қарсы кездесу біз үшін жақсы жаттығу болды. Ал таблодағы нәтижені есепке алар болсақ, біздің деңгейіміз шамамен «Маккабимен» бірдей екен.

– Енді команданың Премьер-лигада қалу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Соңғы кезде ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі осы. Алда екі ойын қалды. Бірінші «Ертісті» қабылдаймыз. Олар төртінші орын үшін таласып жатқан команда. Еуропа лигасындағы орнынан айрылып қалғылары келмейді. Сондықтан, ойын оңай болмайды. Ал одан кейін «Ордабасыға» қонаққа барамыз. Шымкентте де бізді оңай матч күтіп тұрған жоқ.

– «Оқжетпестің» тізгінін қолыңызға алғаныңызға көп бола қойған жоқ. Әйтсе де, команда ойынына оң өзгеріс әкелдім деп айта аласыз ба?

– Біріншіден, команда ішінде атмосфера өзгерді. Мұны футболшылардың өздері де айтып жатыр. Бәрі де жеңіске құлшынып тұр. Көңілге үміт ұялататын да осы нәрсе. Дегенмен, соңғы алты күнде үш ойын өткізіп отырмыз. Өткен жолы «Тобылмен» ойнадық. Еуропа лигасының жолдамасына таласып жатқан ұжым. «Астана» – чемпиондықтан басты үміткер команда. Ал келесі турда «Ертіспен» кездесеміз. Қалайда максимум ұпай алуымыз керек.

– Егер «Оқжетпес» Бірінші лигаға түсіп қалса, командада қалуға дайынсыз ба?

– Клубпен келісімшартым осы маусымның соңына дейін ғана жарамды. Одан кейін басшылардың алдында есеп береміз. Қорытынды шығарылады. Сол кезде белгілі болады. Менің білуімше, Қазақстан футболының ережесі бойынша Бірінші лигада өзге елдің бапкерлері жұмыс жасай алмайды.

– Жұмысыңызға қорытынды жасалып, баға беру үшін бес ойын жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Әр ойынға әртүрлі баға беру керек қой. Әлбетте, соңғы екі кездесуде қақпамызға сегіз гол жіберіп алдық. Дегенмен, «Таразға» қарсы жақсы ойнадық. Алдағы екі кездесуді де абыроймен өткіземіз деп ойлаймын.

– Ал Қазақстанда қалғыңыз келмей ме?

– Қазақстан футболымен бұрыннан сырттай таныспын. Бірінші кезектегі мақсатым – «Оқжетпес». Осы команданы Премьер-лигада сақтап қалу үшін бар күшімізді саламыз. Дегенмен, Қазақстан футболында қалғым келетінін жасырмаймын.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика