Бір апта бұрын Ел кубогын жеңіп алған алматылықтар чемпиондықтан әлі де үміттерін үзген жоқ. Сондықтан, олар үшін әрбір матч өте маңызды.
«Қайрат» (Алматы) – «Ақжайық» (Орал) 2:1 (1:1)
Голдар: Исламхан, 10-пен (1:0), Дудченко, 31-пен (1:1), Анене 67 (2:1).
Ескертулер: Одибе 9, Соколенко 30, Главина 33, Исламхан 54, Дельгадо 59, Говедарица 88, Қуат 89.
«Қайрат»: Покатилов, Аршавин, Элек, Анене (Әбікен 80), Бато, Рудосельский, Сүйімбаев, Қуат, Исламхан (к), Соколенко (Лунин 46), Парагульгов (Гоу 61).
Резерв: Плотников, Вороговский, Тұрысбек.
«Ақжайық»: Котляр, Говедарица, Николич, Одибе, Дельгадо (Тапалов 60), Дудченко, Главина (Дурович 84), Перцух (Шабаев 85), Шмидт, Сапанов (к), Ерсәлімов.
Резерв: Төлебаев, Коронель, Заречный, Аяғанов.
Төрешілер: Атажанов (Шымкент), Калачев (Атырау), Филипчук (Шымкент)
Алматы қаласы, Орталық стадион. 5500 көрермен.
«Қайрат» қонақтарға қарсы кездесуді жақсы бастады. Алғашқы соққыны «Ақжайық» ойыншысы жасағанымен ойынның 10-шы минутында-ақ алаң иелері есеп ашты. Чума Аненені шалып жыққаны үшін шымкенттік төреші Фуркат Атажанов нигериялық Майкл Одибеге ескерту қағазын көрсетіп, қонақтар қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрден Бауыржан Исламхан мүлт кеткен жоқ. Жылдам гол соғып алған алматылықтар қарқынын күшейтіп, есеңгіреп қалған оралдықтардың қақпасына көп созбай тағы бір-екі гол соғады деп ойлағанбыз. Бірақ Вахид Масудов шәкірттері естерін тез-ақ жиып алды. Әсіресе Азат Ерсәлімов белсенді екен. Алдымен қақпаға алыстан қақырата теуіп, Стас Покатиловтің қырағылығын тексеріп алды да, артынша командасына пенальти алып берді. Александр Соколенконың балуандық әдісінен кейін Атажанов оған да сары қағаз көрсетіп, «Қайрат» қақпасына пенальти белгіледі. Константин Дудченко пенальтиді тура Исламханның мәнерінде орындап, таразы басын теңестірді.
Үзілістен кейін «Қайратқа» қарағанда «Ақжайық» футболшыларының жеңіске гол соғатын мүмкіндігі көбірек болды. Мәселен, «Қайрат» қақпашыс Стас Покатиловке кедергі жасады деген желеумен төреші қонақтардың таза голын санамай қойды. Ал арада тағы 5-6 минут өткенде Предраг Говедарицаның баспен ұрған добы қақпа бағанасынан кері қайтты.
Қонақтар соқпаған соң алаң иелері кешірсін бе?! Алаңға Жерар Гоу шыққан соң «Қайраттың» шабуылы күшейе түсті. Дегенмен, голды соққан басқа жігіт. Бауыржан Исламханның өкшемен шығарған пасынан кейін Чума Анене «Ақжайық» қақпасының жақын бұрышына допты сырғыта салды. Есеп – 2:1, бұл кездесудің 67-ші минуты болатын. Екі команда да бұдан артық гол соға алмады.
Осылайша, «Қайрат» «Астанамен» ұпай айырмашылығын біреуге дейін қысқарта алды. Алда әлі екі ойын өткізеді. Чемпиондықтан әлі де үміттерін үзген жоқ. Дегенмен, армандары орындала қояр ма екен? «Астана» оларға мүмкіндік бере қоймас.