Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз өңіріндегі команданың ойын өрнегіне көңілі толмайтындығын білдірген. Азуы алты қарыс «Қайраттан» ұтылғандарын түсінетіндігін, ал «Қайсар» және «Тараз» секілді командалардан қалай жеңіліп қалғандарын мүлде түсіне алмайтындығын баса айтқан.
Қызылорда клубымен ойнағанда, «Ақтөбе» футболшыларының тіпті жүгірмей, діңгек сияқты тапжылмай тұрғандарын да тілге тиек еткен. Өз кезегінде, «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері Владимир Муханов пен бүкіл команда атынан сөз сөйлеген белді ойыншылары қалған ойындарда аянбай ойнап, нәтижелі ойын өрнегін көрсетуге тырысатындықтарын айтып, сөз берген көрінеді.
Ал облыс әкімі «Ақтөбенің» соңғы үш турдағы кездулеріне болжам жасап, алты (тым болмаса бес) ұпай еншілеуге болатындығын айрықша атап өткен:
– «Ертісті» жеңу мүмкін емес, өйткені оларға 4-орын керек. Егер олармен тең түссек, ол да жақсы нәтиже болар еді. Ал «Ордабасы» үшінші орынға ие болып қойды. Бұл команданы жеңуге болады. Егер олар ертеңін ойласа, онда алаңға жастарын шығарулары керек (бұл жерде Шымкент клубы ойыншыларының соңғы айлардағы жалақыларын ала алмай жүргендерін де қосуға һәм есепке алуға болатын шығар – автор). Егер де, «Астана» «Ордабасы» мен «Оқжетпесті» жеңсе, онда «Қайратқа» да бәрібір болады. Өйткені олар екінші орыннан аса алмайды. Яғни соңғы ойында «Ақтөбенің» жеңіске жету мүмкіндігі мол болады.
Жалпы, әкімнің пайымы мен болжамы – өте дұрыс. Премьер-лигадағы кейбір клубтарымыздың «Ақтөбе» сияқты жағдайлары – қыл үстінде. Оларға ұпай ауадай қажет. Ал қайсыбір клубтарымыз енді жеңіске жетсе де, ұтылса да, қазіргі орындарынан қозғалмайды...