– Ертең жанкүйерлерге мереке, қуаныш сыйлағымыз келеді. Әлбетте, Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауымыздың өзі – үлкен ерлік. Дегенмен, келесі кезеңге өту үшін бізге израильдіктерді жеңу керек. Жігіттер де алаңда барын салады деп үміттенемін. «Маккабидің» де мықты, еуротурнирлерге тұрақты түрде қатысып жүрген команда екенін білеміз. Клуб тізгінін Жорди Кройф ұстағалы бері ойындары тіптен күшейді. Оның үстіне, оған қазір Стив Макларен көмектесіп жүр. Бұл тандем талайды таңғалдыра алады. Бірақ, біз ешкімнен де қорықпаймыз. Жігіттер алаңға жеңіс үшін шығады.
– Еуропа лигасында келесі кезеңге шығу үшін «Маккабиді» қалай да үйде де, түзде де ұтуымыз керек дегенмен келісесіз бе?
– Біздің топта барлық команданың плей-оффқа шығу мүмкіндігі бар. «Астанаға» қазір топтан шығу жайлы немесе керісінше, сәтсіздік туралы ойлаудың қажеті жоқ. Әр матчта жақсы ойнауға тырысу керек. Мүмкіндік бар. Бәрі де соңғы сәтте шешіледі. Біздің мақсатымыз – әр ойында жанкүйерлерді қуанту.
– Станимир, командадағы жарақат алып қалған ойыншылардың жағдайлары қалай?
– Ласло Кляйнсхайслер қазір Германияда ем-дом қабылдап жүр. Қашан сапқа оралары белгісіз. Джордже Деспотович ақырындап жаттығуды бастады. Ертең хаттамаға енетін де шығар. Бірақ, ойынға қаншалықты дайын екендігін айта алмаймын. Марин Аничич те әлі жарақатынан айыққан жоқ. Серджан Граховац та солай. Дегенмен, келесі кездесулерде сапқа қосылады деп үміттенемін.
– Ел чемпионатының өткен турында «Астана» «Ертісті» әзер жеңіп, футболшылардың физикалық бабы әлсіз секілді көрінді. Бұл ненің кесірі?
– Егер тоғыз айлық жаттығудан соң команда осындай шаршаңқы күйде болса, демек онда бізден бір ағаттықтың кеткені. Бәлкім, бір жерде қателік жіберген шығармыз. Әлбетте, екі турнирді қатар алып жүру оңай емес. Оның үстіне, жігіттер ұлттық құрама сапында да ойнап келіп жатыр. Шаршайтындай жөндері бар. Бірақ, футболшылар да бәріне дайын болулары қажет.
– Жарақатына байланысты ұлттық құраманың соңғы ойындарына қатыспаған Серікжан Мужиковтың жағдайы қалай?
– Мужиковты ескі жарақаты мазалап жүр. Маусым соңына дейін қалайда шыдауы тиіс. Одан кейін оны ем қабылдауға Еуропаға жібереміз. Ертең Сико бізге қатты қажет. Өзгелер секілді ол да аянып қалмайды деп сенемін.
– Сізге Түркия «Трабзонспорынан» ұсыныс түсіп жатқаны рас па?
– Ол жайлы қазір ойланатын кез емес. Бірінші кезектегі мәлесе – ертеңгі ойын. «Маккабиді» ұту жайлы бас қатыру қажет.
– Ендеше ертеңгі матчта «Астана» фаворит дегенмен келісесіз бе?
– «Астана» еурододаға енді ғана етене араласып келе жатқан жас команда. «Маккаби» сынды тісқаққан командаларға қарсы өзін әлі фаворит санауға ерте. Еурокубоктың топтық кезеңінде үшінші жыл қатарынан ойнап жатырмыз екен деп, өзімізді «Реалмен» салыстыруға болмайды. Оның үстіне, футболда ылғи фавориттер жеңе бермейді. Қазір біздің құрам біраз селдіреген. Жарақат алған ойыншылар көп. Қысқы маусымаралық үзілісте осының барлығын реттеу керек. Келесі жылы «Астананың» УЕФА алдындағы трансферлі тиымы аяқталады. Жақсы ойыншылар сатып алуға мүмкіндік болады. Бірақ, «Маккабиді» қалайда ұтуға тырысарымыз анық.
– Қысқы трансферлік кезең жайлы қазірден бастап айтып жатырсыз. Бұл жанкүйерлерді қуантады. Демек, сізді Түркия клубтарынан түсіп жатқан ұсыныстар қызықтырмайды ғой?
– Менің «Астанамен» келісімшартым осы маусымның соңында аяқталады. Содан кейін мен боспын. Клуб тарапынан жаңа ұсыныстар болған жоқ. Сондықтан, команданың алдағы трансферлері жайлы мәселе көтеруге де әлі ертерек. Мені толғандыратыны ол емес, дәл қазір ертеңгі ойын.