Вернуться к списку статей

«Қайрат» Ресейдің «Динамосын» бұйым құрлы көрмеді

Футбол
1K
«Қайрат» – «Динамо» (Ресей) – 7:2. Фото:prosports.kz
Футзалдан Минскіде өтіп жатқан УЕФА кубогы додасында Алматының «Қайраты» екінші ойынын өткізіп, Мәскеудің «Динамосын» тас-талқан қылды.

Қаржылай қиындықтарға тап болып, құрамы селдіреп қалған Ресей клубы «Қайратқа» жарты таймдай уақыт қана төтеп бере алды. Есепті де мәскеуліктердің жастары ашты. Бірақ бұл гол «Қайрат» футзалшыларын қамшылай түскендей болды. Қазақстан чемпионы қарқынын үдетіп, үзіліске дейін Тайнан екі гол соқты.

Екінші таймда «Қайрат» құйындай орап соқты. Тайнан тағы бір гол соқса, Тайеби мен Есенаманов дубль жасап, Какаудың шәкірттері үстемдік танытты. Рас, «Динамо» екінші таймда да бір гол соқты. Одан әріге шамалары жетпеді. Тіпті матч соңында пенальти де соға алмады.

Осы ретте айта кетуіміз керек, матч соңында «Қайраттың» бас бапкері Какау алаңға қосалқы құрам орындығындағы ойыншыларымыздың бәрін ауыстырып, шығарып отырды. Тіпті қақпашымызды да алмастырып, Дудуға мүмкіндік берді. Пенальтиді дарытпаған – осы қақпашы.

Ал «Динамо» екінші таймның соңғы ширек бөлігінен бастап, қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, есепті қысқартуға тырысып көрді. Алайда бесеулеп жүріп, бір гол соқандарымен, екі рет өз қақпаларына доп жіберіп алды. Тайеби мен Есенаманов допты алыстан қарауылсыз қалған қақпа дәл түсірді.     

Сөйтіп, бұл ойын 7:2 есебімен аяқталды. «Қайрат» УЕФА кубогының негізгі кезеңіндегі екінші жеңісіне қол жеткізіп, 1-іріктеу тобында көш бастады. Әрі жартылай финалдық кезеңге бір тур бұрын шықты. Ертең – демалыс. Ал сенбі күні, яғни14 қазанда алаң иелері «Сталица» футзалшыларымен кездеседі.

1-күн

«Қайрат» – «Пескара» (Италия) – 5:1

«Сталица» (Беларусь) – «Динамо» (Ресей) – 5:3

2-күн

«Қайрат» (Қазақстан) – «Динамо» (Ресей) – 7:2

Голдар: Тайнан, 9:42. Тайнан, 10:22. Тайеби, 22:44. Есенаманов, 28:12. Тайнан, 32:08. Тайеби, 35:55. Есенаманов, 39:30 – Карпюк, 8:19. Орлов, 34:20.

«Қайрат»: Игита, Сүлейменов, Дуглас, Алешандре, Тайнан, Дуду, Жаманқұлов, Есенаманов, Нұрғожин, Тайеби, Дрот, Лео, Першин, Даниэль Роса. 

«Динамо»: Геджуа, Родин, Орлов, Ларин, Поглазов, Туринцев, Дроздов, Карпюк, Погосян, Графский, Крутицкий, Коридзе.

Төрешілер: Даниэль Децу (Румыния), Костас Николау (Кипр), Хавьер Морено Рейна (Испания). 

12 қазан. Минск. «Уручье» СС.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 45 – 23
Тура соққы: 22 – 10
Қиыс кеткені: 17 – 8
Тойтарылғаны: 6 – 5
Бұрыштама соққылар: 12 – 4
Ескерту (сары қағаз): 3 – 0
Ереже бұзу: 9 – 6

«Пескара» (Италия) – «Сталица» (Беларусь) енді басталды

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика