– Бірінші таймда ойын тізгіні біздің жігіттердің қолында болды. Алайда, үзілістен кейін алаң иелерінің толассыз шабуылдарына тойтарыс берумен болдық. Алаң ортасынан аса алмай қалдық. Дегенмен, есепті теңестіре алдық. Соңына қарай жеңісті жұлып алатын мүмкіндігіміз болған еді. Өкінішке қарай, тең есепті қанағат қылуға мәжбүрміз. Меніңше, бүгін екі команда да екі ұпайдан жоғалтты, - деп бастады Антони Здравков.
– Бүгінгі тең ойыннан кейін Болгария мен Қазақстан жастар құрамаларының 2019 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?
– Тең есеп бізді де, сіздерді де қанағаттандырмайды. Өзара екі ойыннан бір-бір ұпайдан ғана алдық. Біздің де, сіздердің де мүмкіндігіміз 50 пайызға да жетпейді. Тым болмағанда жеңіспен алмасуымыз қажет еді. Мысалға, Болгарияда сіздер бізге үш ұпай бергенде, бүгін біз сіздерге жеңісті бере салар едік (күліп).
– Ал қай ойында Қазақстан жастары сіздерге қиындықтарды көбірек туғызды. Бүгін бе, әлде Болгарияда ма?
– Болгарияда қиынырақ болған. Екі рет есепте алға шыққанымызбен екі ретте де сіздердің футболшыларыңыз есепті теңестіріп кетті.
– Қазақстан құрамасының сапынан қай ойыншы ұнады?
– Тоғызыншы нөмірлі шабуылшыларыңыз (Дидар Жалмұқан – авт) ұнады. Өте жылдам, әрі техникасы толысқан футболшы екен.
– Осы өзара екі кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан жастарының ойынына қандай баға бересіз?
– Екі ойын бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Болгарияда тең түскенімізбен 3-4 гол соғатын мүмкіндігіміз болған. Бірінші ойында төрт гол соғылғанымен екі команда да көбіне қорғанысқа көңіл бөліп ойнады. Ал бүгін керісінше, ашық футболды көргенімізбен соғылған голдар көп болған жоқ. Қазақстан құрамасының ойыншылары аса ірі болмағанымен ширақ қимылдайды екен.
– «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойловтың да болгар екенін білесіз. Отандасыңыздың жұмысына қандай баға бересіз?
– Станимирмен таныстығымыз 20-25 жыл бұрын басталған. Бір клубта ойнағанбыз. Бапкерлікті де бірге бастадық-ау. Ойын басында екеуміз кездесіп, біраз сөйлестік. Ол Болгарияға қарағанда қазір Қазақстан футболында ілгерілеушіліктің бар екендігін айтты. Мен оның сөзіне сенемін. Дәл қазіргі уақытта Станимир Стойлов Болгарияның үздік бапкері. Көрсеткіштеріне қарап отырсам, Қазақстанда да солай сияқты ғой.
– Стойловтан бөлек, Қазақстан чемпионатында тағы бір болгар Стойчо Младенов жұмыс істейді. Отандастарыңыз Илиан Илиев пен Димитар Димитров та біздің чемпионатта жаттықтырушылық қызметтер атқарған. Қазақ футболында болгар мамандарының көп болуын немен түсіндіруге болады?
– Германия, Франция, Италия сынды елдер жақын болғандықтан болгар бапкерлеріне өз біліктіліктерін арттыратын мүмкіндіктер көп. Біз әлгі елдерде өтетін семинарларға жиі қатысамыз. Сіздерде ғана емес, басқа елдерде де болгар мамандары көп.