«АПОЭЛ құрамын 26 жастағы Рохер Каньяспен нығайтқысы келеді, ол Андреа Орландидің орнын басады» деп жазады kerkida.net. Аталған басылымның мәлімдеуінше, келіссөздер жүргізіліп жатыр, бірақ әлі ресми мәміле жоқ, қол қойылмаған.
Ал themasports.com басылымы «егер Каньяс АПОЭЛ клубының сапына келсе, онда бұл қысқы трансфер кезіндегі құрамына төртінші, әрі соңғы ойыншысы болады» деп жазды.
«Астана» 28 қаңтар күні «Рига» (Латвия) командасымен жолдастық кездесу өткізді. Елорда клубының ресми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл ойында Рохер Каньяс алаңға шыққан жоқ. Ал kerkida.net «Колумбия футболшысы Дубайдан ұшып кетті, ертең түсте Кипрге келеді» деп отыр.
Негізі, Каньяс ел чемпионымен бірге Біріккен Араб Әмірлігі еліне барып, оқу-жаттығу жиынына қатысып жүрген. Бірақ ғаламторда тарап кеткен соңғы ақпараттарға сенсек, ол қазір «Астана» сапында емес...
Шетелдік және отандық басылымдар, «Каньяс АПОЭЛ клубына алты айға жалға беріледі, одан кейін Кипр клубының оны сатып алуы да мүмкін, келісімшартта бұл да ескерілген», – деп жазады.
Бірақ «Астана» футбол клубы тарапынан әлі ешқандай ресми мәлімдеме болған жоқ. Ендеше, әліптің артын тосайық. Жалпы, Рохер Каньяс елорда командасы сапында 2014 жылдан бері ойнайды.