Вернуться к списку статей

Артур ПЕТРОСЯН – Польшадан алты гол жіберген қақпашы ертең алаңға шықпайды

Футбол
1K
Артур ПЕТРОСЯН – Польшадан алты гол жіберген қақпашы ертең алаңға шықпайды
Армения ұлттық құрамасының бас бапкері Артур Петросян өте ашық адам екен. Кейбір бапкерлер секілді толғанып жатпайды, ойындағысын бірден жеткізеді. «Қазақстанның қоржынында небәрі екі-ақ ұпайдың болғаны таңғалдырады», - деп аяқтады баспасөз мәслихатын армян жаттықтырушысы.

Дегенмен, бірінші сұрақ Армения ұлттық құрамасындағы жарақат алып қалған ойыншылардың жағдайлары жайлы болды.

– Польшаға қарсы ойындарыңызда Давид Маноянның жарақат алып қалғаны рас па? Сондай-ақ, сол матчқа Давид Дагбошян мен Маркос Пиззелли қатыспаған еді. Бірақ олар Астанаға ұшып келіпті. Оларды алаңнан көре аламыз ба?

– Иә, өкінішке қарай, Давид Маноян жарақат алып қалды. Ертең Кипрге ұшып кетеді де, сол жақта дәрігерлерге қаралады. Ал Маркос Пиззелли мен Давид Дагбошянның екеуі де жарақаттарынан айықты. Ертең алаңға шығады деп үміттеніп отырмын.

– Қазақстан құрамасында да жарақаттарына байланысты алаңға шыға алмайтындар көп. Бұл жағдай сіздің командаңызға аз да болса көмек болатын шығар. Кімдердің жарақат алғандарынан хабарыңыз бар ма?

– Үш ойыншыңыздың ертеңгі матчқа қатыса алмайтынын анық білемін. Дегенмен, Бауыржан Исламхан мен Юрий Логвиненконың ойнауы мүмкін екенінен де хабардармын. Сондықтан, бізге қарағанда жағдайларыңыз аса қиын емес. Оның үстіне, сіздер үшін де бұл ойын осы жылдың соңғы матчы болмақ. Өз жанкүйерлерінің алдында Қазақстан құрамасы да барын салатыны анық.

– Еревандағы өзара кездесуде бүкіл ойынды Генрих Мхитарян жасаған еді. Мұндай ойыншының командада болуы Арменияның фаворит екендігін көрсете ме?

– Сізбен аздап келіспеймін. Рас, сол матчта Мхитарян әр кездегідей жақсы ойнады. Дегенмен, басқа жігіттер де оның гол соғуына септік жасады. Футбол бір ғана ойыншыдан тұрмайды ғой. Дегенмен, мұндай ойыншы – Армения футболы үшін үлкен бақ.

– Польшадан алты гол жіберген қақпашы Григор Меликсетян және сол кездесуде өте сәтсіз ойнаған орталық қорғаушы Тарон Восканянмен қандай психологиялық жұмыстар жүргізілді?

– Польшаға қарсы кездесуде тек бұл екеуі ғана емес, басқалар да қателіктер жіберді. Сондықтан, дәл сол ойыншыларға тіреліп қалуды жөн көрмедім. Команданы жинап алып, бәрімен жақсылап сөйлестік. Жігіттер түсінгендей болды. Қорытындысын ертеңгі ойында көрерміз.

– Ертең қақпада Григор Меликсетян тұра ма?

– Польшадан алты гол жіберіп, біраз қателік жасаған Меликсетянды қайта қақпаға қояр болсам, үлкен қателік болатын еді. Басқа қақпашы тұрады.

– «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері Жозе Моуриньо өзінің негізгі ойыншыларының бірі Генрих Мхитарянды алаңға шығармай-ақ қоюды сұрап, өтінген жоқ па?

– Жоқ, Моуриньо тарапынан ондай өтініш болған жоқ. Мхитарянның өзі де сұрамады. Керісінше, алаңға шығуға құлшынып тұр.

– Жалпы алғанда ТМД елдерінің барлығы өз топтарында өте сәтсіз ойнап жүр. Бұған не себеп деп ойлайсыз? ТМД елдерінің құрамаларына ортақ қандай проблема бар деп ойлайсыз?

– Иә, мен де солай ойлаймын. ТМД елдеріне ортақ бір проблема бар. Біз өте шыдамсызбыз. Күте алмаймыз. Мысалға, өзім ойыншы кезімде де, бапкер ретінде де шетелдің талай клубтарында жұмыс істедім. Олар бір бағдарламаны қолға ала ма, оны соңына дейін жеткізеді. Он жыл болса да күтеді. Ал бізде үш жылға бағдарлама жасаймыз. Соның өзін соңына дейін жеткізбейміз ғой. Нәтиже сәл нашарлап қалса, кінәлілерді іздеп шыға келеміз. Бүгін бір бастамаға мың доллар құйдық па, ол ертең-ақ 3000 доллар болып қайту керек деп ойлаймыз. Немесе, басшылық өзгерсе болды, бағдарлама да далада қалады. Бәрін басынан бастаймыз. Командаға бас бапкер тағайындасақ та солай. Бір жылға әзер шыдатамыз. Арменияда солай. Сіздер де бізден алысқа кете қойған жоқсыздар. Мен осылай ойлаймын.

– Соңғы сұрақ. Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын көрген шығарсыз. Біздің ойынымызға қандай суреттеме бересіз?

– Шынын айтсам, Қазақстанның екі-ақ ұпай алғанына таңым бар. Мен барлық ойындарыңызды көріп шықтым. Допты да жақсы ұстайсыздар, паспен де сауатты ойнайсыздар. Қорғаныста да, шабуылда да жарап тұрсыздар. Ешбір аспекті бойынша қарсыластарыңыздан кем түскен кездеріңізді көрмедім. Дегенмен, сәл ғана жетпей тұрған бірнәрсе бар. Оның не екенін айта алмаймын. Өздеріңіздің жаттықтырушыларыңыз саралай жатар. Бірақ маған ойындарыңыз ұнайды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика