Вернуться к списку статей

Александр БОРОДЮК – Мхитарянның қапталындағы ойыншылар өте сақ болулары қажет

Футбол
1K
Александр БОРОДЮК – Мхитарянның қапталындағы ойыншылар өте сақ болулары қажет
Ертең ұлттық құрамамыздың осы жылдағы соңғы ойыны. Қарсыласымыз – Генрих Мхитарян бастаған Армения футболшылары. Үміт аз. Тағы да ұтылып қаламыз ба деген күдік басым. Неде болса, бас бапкер Александр Бородюктің соңғы баспасөз мәслихаттарының бірі осы болады деген үміттеміз.

– Алдарыңызда арызданып отырғым келмейді. Дегенмен, өз клубтарында негізгі құрамда ойнап жүрген көптеген футболшылар жарақаттарына байланысты ертеңгі ойында көмектесе алмайды. Бауыржан Исламхан, Дмитрий Шомко, Серікжан Мужиков сынды жігіттердің барлығы жарақаттанып қалды. Сондықтан, жағдайымыз сәл қиындау болып тұр, – деп бастады Бородюк.

– Жарақат алған ойыншылардың көптігін айттыңыз. Егер ел чемпионатының келесі турында сол футболшылар алаңға шығып жатса, таңғаласыз ба?

– Өте жақсы, провакациялық сұрақ. Қазіргі кездегі көкейтесті мәселелердің бірі. Дегенмен, бұл жайлы ешнәрсе айтқым келмей отыр. Өйткені, бірдеңе десем, кейбір журналистер қоғамға бәрін басқаша мағынада жеткізуі әбден мүмкін. Мәселен, ұлттық құрамамен әрдайым шетелге бірге шығып жүрген журналистер бар. Мен оларды өз кәсіптерінің кәсіби мамандары деп есептеймін. Адамгершілік тұрғысынан да солай. Бірақ, менің сөзімді түбірімен қосып өзгертіп жіберетіндер де бар. Алайда, мен өз футболшыларыма сенемін. Олар жайлы жаман ойдан аулақпын. Жарақаттанып қалдым деді ме, демек, солай.   

– Бауыржан Тұрысбек Румыния қақпасына гол соқты. Ертең ол шабуылшының негізгі құрамда орын алудан үміті бар ма?

– Алдын ала ешнәрсе айтқым келмейді. Командадағы әр ойыншыда негізгі құрамнан орын алуға мүмкіндік бар. Кім дәл қазіргі уақытта ойын тұрғысынан, психологиялық тұрғыдан матчқа дайын болса, соларды шығарамыз. Бауыржан Румынияға қарсы ойында өзін жақсы жағынан көрсете алды. Ұлттық құрамаға лайық футболшы екенін көрсетті. Сондықтан, оның да алаңға шығатын тамаша мүмкіндігі бар.

– Бұл осы іріктеу додасындағы соңғы ойынымыз. Өз алаңымызда шабуылға басымдық беріп ойнауға қауқарымыз жете ме? Әлде көбіне қорғанысқа көңіл бөлеміз бе?

– Қорғанысты бес ойыншымен бекітеміз бе, әлде үш-ақ футболшы қоямыз ба, оның барлығы жай ғана қағаз жүзіндегі нәрсе. Ал ойын кезінде тактикамыз өзгере береді. Қорғанысты да ұмытпауымыз керек, шабуылда да өз мүмкіндіктерімізді мүлт жібермеуге тырысамыз. Ал жалпы, өз алаңымызда Арменияға қарсы ойынды матч бойы шабуылда өткізгенді қалаймыз. Тек өкініштісі, қанша жерден шабуылдасақ та, гол соғуымыз қиын. Жанкүйерлерімізді жеңіспен қуантқымыз келеді.

– Армения құрамасының Польшаға қарсы кездесуін көрдіңіз бе? Ереванда армяндардан 0:2 есебімен ұтылған едіңіз. Содан бері ойындарыңыз қаншалықты өзгерді?

– Бұған дейін айтқанымдай, біздің топтағы командалардың барлығы да жоғары деңгейлі құрамалар. Әлбетте, біз Арменияның ойындарын қарадық. Бүгін кешкісін бізде теория. Сол кезде жігіттердің барлығына ертеңгі кездесуде қалай ойнау керектігін түсіндіретін боламыз. Бұл командадан біз Ереванда 0:2 есебімен ұтылғанбыз. Қазір екі команда да тең жағдайда деп айта аламын. Дегенмен, ертеңгі ойында жеңіске жетуге тырысамыз.

– Сол қапталдағы қорғаушылар Гафуржан Сүйімбаев пен Дмитрий Шомконың екеуі де ертеңгі ойында алаңға шыға алмайды. Сол қапталда ойнайтын басқа қорғаушылар жоқ. Бұл мәселені қалай шешпексіздер?

– Сүйімбаев пен Шомконың шет қалғаны өкінішті. Бұлар біздің негізгі ойыншыларымыз еді. Дегенмен, кез келген ойыншыны басқасымен ауыстыруға болады. Бәрі де тактикамызға байланысты болмақ. Олардың орындарын басатын басқа ойыншылар бар. Кімдердің алаңға шығатындарын ертең өздеріңіз көресіздер.

– Румынияға қарсы кездесуде Азат Нұрғалиев жарақат алып, сіз оны екінші таймда алмастырдыңыз. Оның қазіргі жағдайы қалай? Ертең алаңға шыға ала ма?

– Азат қазір ұлттық құрамамен бірге. Бүгін команданың дәрігерлерімен сөйлесіп, оның ертең алаңға шығу-шықпау мәселесі жөнінде шешім қабылдаймын.

– Еревандағы кездесуде Генрих Мхитарян жалғыз өзі ойынды жасап тастады. Ертең оған қарсы жеке қорғаушы қоясыз ба?

– Мен үшін футбол бір адамнан емес, командадан тұрады. Сондықтан, мен үшін ең маңыздысы – Мхитарянның қапталында ойнайтын футболшылар өте сақ болуы қажет. Қазір әлемде ешбір бапкер жеке бір ойыншыға арнайы қорғаушы қоймайды. Одан пайда жоқ. Әлбетте, Месси, Левандовски, Неймар сындыларға қарсы қанша жерден жеке қорғаушы қойсаң да, олар бәрібір де өз голдарын соғып жатады. Бізге команда ретінде жақсы ойнау керек.

– Ертеңгі ойында Армения қақпасын поляктардан алты гол жіберіп, өз ойыншысының пасын ұстап алған қақпашының қорғағанын қалайсыз ба?

– Мен Армения құрамасының бас бапкері үшін жауап бергім келмейді. Дегенмен, бір ойынға қарап, қақпашының шеберлігіне баға беруге болмайды. Польшаға қарсы матчта оның жолы болмады. Ал ертең қақпаға қатты тұрып кететін шығар. Ол жағын білмейміз ғой. Егер психологиялық тұрғыда мықты болса, онда ол бізге қарсы матчқа жақсы дайындалып шыға алады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика