Владимир Никитенко жаттықтыратын Қазақстан-U21 құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатының 9-іріктеу тобында бірінші орында тұр, әзірше. Түзде Люксембург жастарын 3:0 есебімен ұтқанбыз. Өкінішке қарай, өз жерімізде Црна Гора жастарын ұта алмадық (1:1). Содан кейін түзде Франция таланттарынан 1:4 есебімен ұтылды.
Әйтсе де, Қазақстан-U21 құрамасы 9-топта екінші орынға ие болуды мақсат тұтып отыр. Себебі, тоғыз топтағы екінші орын алған құрамалардың ішіндегі техникалық көрсеткіштері жоғары төртеуі іріктеу додасын одан әрі жалғастырады. Нақтырақ айтқанда, қосымша екі жолдамаға таласады.
Екінші орын алу үшін біздің құрамаға Болгария жастарын екі рет ұту керек. Тым болмаса түзде ұтылмау қажет. Былайша айтқанда, осы екі ойын Қазақстан-U21 құрамасының әлеуеті мен мүмкіндіктеріне өлшем болмақ. Өз тобынан шыға ала ма, жоқ па, мұны алдағы екі ойыннан кейін пайымдай аламыз...
Жастарымыз бүгін Стамбул арқылы Болгарияның Старо-Загора қаласына ұшып кетті. Ал Қазақстан – Болгария жастары арасындағы ойын 6 қазан күні, «Trace Arena» стадионында, Астана уақытымен 21:30-да басталады. Төрт күннен кейін, яғни 10 қазанда Астанада қайта кездеседі.
Болгария-U21 құрамасы осыдан бірнеше күн бұрын дайындығын бастап, жаттығу жиынына шақыртылған футболшыларының тізімін жариялаған. Ал кеше екі ойыншысының, атап айтқанда, Серкан Юсеин («Ботев», Пловдив) және Антонио Вутов («Левски», София) секілді жартылай қорғаушыларының жарақаттанып, қатардан шығып қалғандығын жариялады.
Осы маңызды екі матчта жастарымыз сенімді ақтап, көңілге қонымды нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Әрі бақтары жанып, жеңіске жетулеріне тілектеспіз. Қазір осы құрама сапында ойнап жүрген футболшыларымыз ертең ұлттық құрама сапында ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз.
2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі. 9-топ