Қазақстан Премьер-лигасының өткен турында Алматының «Қайраты» да, елорданың «Астанасы» да өз ойындарын тең аяқтады. Осылайша, чемпиондықтың мәселесі бір турға болса да кейінге шегерілді.
Премьер-лиганың дәл қазіргі турнир кестесіне көз жүгіртіп көрейік. «Астанадан» екі ұпайға алда тұрғанымен «Қайрат» басты бәсекелестеріне қарағанда үш ойынға артық өткізген. Сондықтан, елордалықтардың екі сәтті ойыны турнир кестесіндегі жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберуі әбден мүмкін. Дегенмен, ол үшін Станимир Стойлов шәкірттеріне алдымен өз матчтарын жеңіп алулары қажет. Ел чемпионатының ойындар кестесінде «Астананың» алда алты ойыны бар. Ал «Қайратта» бар болғаны үш-ақ ойын.
«Қайраттың» алдағы қарсыластары
31-тур.
21.10.17. «Қайрат» (Алматы) – «Ақжайық» (Орал)
32-тур.
28.10.17. «Астана» – «Қайрат» (Алматы)
33-тур.
5.11.17. «Қайрат» (Алматы) – «Ақтөбе»
14 қыркүйек күні оңтүстік астаналықтар Қазақстан кубогының финалы күтіп тұр. Ақтөбеде Карлос Феррер шәкірттері «Атыраумен» кездеседі. «Қайраттың» биылғы маусымдағы басты ойыны осы болмақ. Ел чемпионы атанудан үміттері аз алматылық команда ел кубогын алу үшін бар күштерін салады. Алайда, бұл «Қайрат» Қазақстан чемпиондығынан бас тартады деген сөз емес.
Қазанның 21-і күні «Қайрат» Оралдың «Ақжайығын» қабылдайды. Биыл алматылықтар бұл команданы екі рет жеңген. Үшіншісінде ұпай ұстатады дегенге сену қиын. «Қайраттың» еншісіне +3 ұпай деп жазып қойыңыз.
Қазанның 28-і күні «Астана» – «Қайрат» дербиі. Бұл матчқа соңынан тоқталамыз. Ал одан кейін Карлос Феррер шәкірттері чемпионатты Алматыда «Ақтөбеге» қарсы кездесумен қорытындылайды. Маусымның соңғы кездесуінде қарсыласына ұпай ұстататын болса, басшылары кешіре қоймас. Сондықтан, бұл матчтан «Қайрат» еншісіне +3 ұпай.
«Астананың» алдағы ойындары
25-тур.
11.10.17. «Шахтер» (Қарағанды) – «Астана)
30-тур.
15.10.17. «Астана» – «Ертіс» (Павлодар)
31-тур.
22.10.17. «Ордабасы» (Шымкент) – «Астана»
24-тур.
25.10.17. «Астана» – «Оқжетпес» (Көкшетау)
32-тур.
28.10.17. «Астана» – «Қайрат» (Алматы)
33-тур.
05.11.17. Астана» – «Ақжайық» (Орал)
Келесі кездесуін елордалықтар ұлттық құрамамыздың Армениямен болатын кездесуінен үш күннен кейін, яғни 11 қазанда Қарағандыда «Шахтерге» қарсы өткізеді. Әлбетте, қарағандылықтардың қазір турнир кестесіндегі есебі түгел болғанымен «кеншілердің» Премьер-лигада қалатынына әлі кепіл жоқ. Бірақ, түзде ойнайтынына қарамастан «Астана» «Шахтерден» тым болмаса бір ұпай алуы тиіс. «Астананың» еншісіне +1 ұпай деп жазып қойыңыз.
Одан кейін 15 қазанда Станимир Стойлов жігіттері «Ертісті» қабылдайды. Павлодарлықтарға келесі маусымда Еуропа лигасында ойнау үшін «Тобылды» артта қалдыру қажет. Сондықтан, «Ертіс» бұл кездесуде бар күшін салуы тиіс. Алайда, «Астана-Аренада» «Астана» тек «Қайратпен» ұпай бөліскені ғана болмаса, басқа ешкімге әлі ұпай ұстатпаған. «Ертісті» де ұтатын шығар. «Астананың» еншісіне +3 ұпай деп жазып қойыңыз.
Қазанның 22-сі күні «Астана» Шымкентке қонаққа барады. «Ордабасы» өз міндетін 99,9 пайызға орындап қойған. Алдағы үш кездесуінде бір ұпай жинаса жеткілікті. Оларды енді үшінші орыннан ешкім де ысырып тастай алмайды. Алайда, «Астанаға» қарсы биыл Байсейітовтің командасы жақсы ойнап жүр. Бірінші турда 3:0 есебімен ұтты, «Астана-Аренада» да әжептеуір қарсыласып, небәрі бір гол айырмашылығымен жеңілді. Сондықтан, Шымкенттен елордалықтар ары кетсе бір ұпай алып, болмаса дымсыз оралуы мүмкін. «Астананың» еншісіне 0 ұпай деп жазып қойыңыз.
Қазанның 25-і күні «Астана-Аренада» Стойлов шәкірттері осы маусымның басты аутсайдері «Оқжетпеспен» ойнайды. Бұған дейінгі екі кездесуде де елордалықтар аймақтық көршілерінің қақпасына жауапсыз үш голдан соққан. Сондықтан, ары қарай шимайламай-ақ қояйық, жай ғана «Астананың» еншісіне +3 ұпай деп жазып қойыңыз.
28 қазанда «Астана-Аренада» «Астана» – «Қайрат дербиі. Ал чемпионаттың соңғы турында Станимир Стойлов шәкірттері өз алаңында «Ақжайықты» қабылдайды. Егер бұл уақытқа дейін чемпиондықтың тағдыры шешілмеген болса, елордалықтар бұл кездесуде жеңіске жету үшін бар күшін салады. Яғни, «Астана» еншісіне +3 ұпай.
«Астана» – «Қайрат» айқасы
32-тур.
28.10.17. «Астана» – «Қайрат» (Алматы)
Дәл қазір «Қайрат» турнир кестесінде 69 ұпаймен көш бастап келеді. «Астана» 67 ұпаймен екінші орында. Дегенмен, егер болжамымыз дәл шықса, өзара ойынның алдында елордалықтар екі ұпайға алға шығады. Яғни, «Астанада» 74, «Қайратта» 72 ұпай болуы тиіс.
Бұл дегеніміз, чемпиондықтың тағдыры «Астана-Аренадағы» айқаста шешілуі әбден мүмкін. Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 2-інде елордада өткен өзара ойында командалар бір-бір голдан алмасса, Алматыдағы кездесуде «Қайрат» 3:0 есебімен ойсырата жеңген еді. Бірақ, бұл жолы Карлос Феррер шәкірттері сол ерлікті қайталау қиын болады. Оның үстіне, егер чемпиондықтың тағдырын бұл матчқа дейін шеше алмаса, «Астана» Еуропа лигасынан гөрі ішкі чемпионатты басты мақсаты етуі де мүмкін. Біздің болжам – 1:1.
Осылайша, маусымды «Астана» 78, «Қайрат» 76 ұпаймен аяқтауы да ғажап емес. Ел чемпионы соңғы турда анықталады.