Вернуться к списку статей

Бірінші лиганы осымен бітті дей бер

Футбол
1K
Бірінші лиганы осымен бітті дей бер
Бірінші лиганың 23-ші туры аясында үш ойын өтті. Турдың орталық кездесуінде Қызылорданың «Байқоңыры» өз алаңында Петропавлдың «Қызыл-Жарын» 2:1 есебімен тізерлетті. Ал Бірінші лиганы Талдықорғанның "Жетісуы" жеңіп алды.

Шыны керек, Бірінші лигада қызық қалмады. Жеңімпаз белгілі. «Жетісуды» енді ешкім қуып жете алмайды. Бұл жолы Дмитрий Огай шәкірттері Жетісайда жергілікті «Мақтааралды» 2:0 есебімен ұтты. Бірінші таймның 16-шы минутында Вячеслав Сердюков есеп ашса, екінші таймда «Қайрат» футбол мектебінің түлегі Рифат Нұрмұхамет оңтүстік қазақстандықтар қақпасына екінші голды соқты.

Турдың орталық кездесуінде түзде «Байқоңырдан» ұтылып қалғанымен «Қызыл-Жарды» екінші орыннан ешкім ығыстырып шығара алмас. Дәл қазір олар турнир кестесінде «Қайраттың» академиясынан сегіз ұпайға алда келеді. Дегенмен, Владимир Фомичев шәкірттерін Қызылордадан ұпайсыз қайтады деп ойламаған едік. Оның үстіне, ойында бірінші болып есеп ашқан да «Қызыл-Жар». Соңғы төрт матчтағы үшінші голын соққан Қызылорда футбол мектебінің түлегі Олжас Алтаев солтүстік қазақстандықтарды алға шығарған. Бірақ, Владимир Фомичев шәкірттері жеңісті есепті ұстап тұра алмады. Премьер-лиганың 29-туры аясында өткен «Қайсар» – «Оқжетпес» ойынының соңына таман алаңға шығып, ойынын қандыра алмаған Елжас Алтынбеков таразы басын теңестірсе, кездесудің аяқталуына санаулы минут қалғанда Өркен Мақан «Байқоңырдың» жеңіс голын соғып, қызылордалықтарға жеңіс әперді.

Шымкенттің «Қыраны» Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда біріншіліктің басты аутсайдері «Екібастұзды» 1:0 есебімен ұтты. Матчтағы жалғыз голды бірінші тайм бел ортасынан ауа бергенде Асқар Әбутов соқты.

Ал «Каспий» мен «Шахтер-Болат» арасындағы кездесу 3 қазанда өтеді.

БІРІНШІ ЛИГА

23-тур (02.10.17)

«Мақтаарал» (Жетісай) – «Жетісу» (Талдықорған) 0:2 (0:1)

Голдар: Вячеслав Сердюков, 16. Рифат Нұрмұхамет, 60.

«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Қызыл-Жар» 2:1 (0:0)

Голдар: Олжас Алтаев, 51 (0:1). Елжас Алтынбеков, 84 (1:1). Өркен Мақан, 90 (2:1).

«Қыран» (Шымкент) – «Екібастұз» 1:0 (1:0)

Гол: Асқар Әбутов, 27.


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика