«Атырауда» қазір бас бапкер жоқ. Ресейлік маман Сергей Павлов «отставкаға» кеткелі бұл міндетті жергілікті маман Қуаныш Қабдулов атқарып жүр. Әзірге көрсеткіші жүз пайыз. Екі ойынға бастап шыққан. Екеуінен де үш ұпайдан еншіледі. Өткен аптада түзде «Оқжетпесті» жеңген «Атырау» бұл жолы «Шахтерді» тізе бүктірді.
Дегенмен, «Шахтердің» бұл матчқа құрамы селдіреп шықты. Негізгі құрамның үш легионері ағылшын Кореде Айегбуси және қос словак Стефан Тошак пен Юлиус Соке жарақаттарына байланысты алаңға шыққан жоқ. Алғашқысы үшін осы маусым аяқталған да секілді. Бас бапкердің айтуынша жарақаты тым ауыр.
Алайда, соған қарамастан «Шахтер» алаң иелеріне лайықты қарсылас бола білді. Тіпті, алғашқы голды «Атыраудың» соққанына қарамастан еңселерін түсірген жоқ. Әсіресе, Ильнур Мангуткин белсенді еді. Ұзақ жарақаттан кейін алаңға футболды сағынып шыққан қорғаушы шабуыл шебінде де барын салды. Есептің теңесуіне себепкер болған да сол. Мангуткиннің соққысынан кейін қақпашы қайтарған допты Игорь Пикалкин голға айналдырған болатын. Футболшылардың барлығы жиналып, Ильнурдың жетекшілігімен голды «баланы әлдилеп» атап өтуінен түсіндік. Мангуткиннің келіншегі қыз босанып, шаңырағы толысқан екен. Бірақ, командаластары қорғаушыға жеңіс сыйлай алмады.
Екінші таймда «Атырау» қарқынын күшейтіп, алдымен Новица Максимович алаң иелерін алға шығарса, ойынның аяқталуына жиырма минут қалғанда Эльдар Әбдрахманов «Шахтер» қақпасына үшінші голды соқты. Қорытынды есеп – 3:1.
«Атыраудың» ел чемпионатында үш-ақ ойыны қалды. Қарсыластарының бәрі – турнир кестесіндегі бәсекелестері. Оның екеуін түзде өткізеді. Сондықтан, «мұнайшыларға» Бірінші лиганың самалы әлі азынап тұр. Дегенмен, олардың басты ойыны 14 қазанда. Ұлттық құраманың ойынына байланысты болатын екі апталы үзілістен кейін Қуаныш Қабдулов бастаған жігіттер ел кубогын «Қайратпен» сарапқа салады.
Ал «Шахтердің» алда әлі бес кездесуі бар. Бірақ, қарсыластары қиын. «Астана», «Қайсар» және «Тобылды» өз алаңында қабылдаса, түзде «Тараз» бен «Ертіске» қонаққа барады.
«Атырау» – «Шахтёр» (Қарағанды) 3:1 (1:1)
Голдар: Аблитаров, 14 (1:0). Пикалкин, 22 (1:1). Максимович, 55 (2:1). Әбдрахманов, 71 (3:1),
Ескертулер: Шахметов 54, Джокич 75, Двалишвили 76, Тарасов 84.
Атырау: Пасеченко, Джокич, Двалишвили (Саломов 89), Лобжанидзе, Сикимич, Аблитаров, Максимович, Әбдрахманов, Чичулин, Хайруллин (к) (Қайраллиев 79), Сергиенко (Сүлей 87).
Резерв: Нәрзіқұлов, Обшивач, Мәжитов, Қалмуратов, Эсатов, Коробов,
Шахтёр: Шацкий, Стоянович, Станоевич (Өміртаев 82), Хлебоун, Валента (Наджарян 80), Пикалкин, Мангуткин, Тарасов (к), Шахметов, Дмитренко, Хижниченко.
Резерв: Багинский, Путинцев, Әлімбаев, Ермеков, Воменко,
Төрешілер: Георгий Чеховский, Әлібек Әубәкіров (екеуі де – Астана), Валерий Гусев (Көкшетау) . Резервтегі төреші: Руслан Сұлтанғалиев (Атырау).
Атырау қаласы, «Мұнайшы» стадионы. 3000 көрермен.