Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – "Астанада" ойынды күшейтетін ешкім қалмады

Футбол
1K
Станимир Стойлов –
Әдетте ұзақ сөйлейтін Станимир Стойловтың бұл жолғы баспасөз мәслихаты 10-ақ минутқа созылды. Эмоциялық тұрғыда аздап шаршағаны көрініп тұрды. Журналистер де оны көп қинаған жоқ.

– Екі ұшты көңіл күйде отырмын. Бір жағынан, «Славияны» жеңе алмағанымызға ішім ашып отырса, екінші жағынан, өз алаңымызда еурокубоктың тағы бір ойынында ұтылмадық. Бұл да ерлік, - деп бастады бас бапкер. – Алғашқы 25 минутта эмоцияға қатты беріліп кеттік. Футболда жүректен бөлек, баспен де ойнау қажет. Одан кейін өзімізге келдік те, бірінші таймның соңғы 15 минутын және екінші таймды жақсы өткіздік. Дегенмен, гол соғатын көптеген мүмкіндіктеріміз болды. Іске асыра алмадық. Ал футболда гол соқпасаң, ұтпайсың. Меніңше, алаң ортасында аздап креатив жетіспеді. Екі-ақ ойыншыны алмастырдым. Онда да біреуі шабуылшы. Ал олардан басқа ойынды күшейтетін ешкім болмады.

– Ойынды сәтсіз бастағанымыз жайлы өзіңіз айттыңыз. Бұл кейбір футболшылардың өз шебінде ойнамағандығынан ба?

– Рас, Абзал Бейсебеков өз шебінде ойнаған жоқ. Басқа да футболшыларымыз солай. Дегенмен, ойынды сәтсіз бастауымыздың себебі бұған байланысты емес. Біз эмоцияға тым беріліп кеттік.

– Сырт көзге «Астана» алаңға дұрыс жігерленбей шыққан сияқты көрінді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Керісінше, футболшылар жеңеміз деп желпініп шықты да, ақылға емес, жүрекке жүгініп кетті. Көрдіңіздер ғой, ешкім аяғын тартып ойнаған жоқ. Бәрі де жанын салды. Тым қызуқандылыққа салынып кеттік. Аздап аптығымызды басып ойнау қажет еді. Жігіттер жеңеміз барын салды да, бас-көз жоқ атойлай берді.

– Кеше матч алдындағы баспасөз мәслихатында Марин Аничич жайлы ештеңе айтпап едіңіз. Ол неге бүгін алаңға шықпады?

– Иә, Марин кеше тәп-тәуір жаттығып жүрді. Бірақ түнде аяғының ауырып тұрғанын айтып, алаңға шыға алмайтынын жеткізді. Әзірге жарақатының қаншалықты ауыр екенін білмеймін. Қайта Шитовтың дер кезінде келгені жақсы болған. Ол да ел чемпионатында мұрнын сындырып алып, маска жасатуға Копенгагенге кеткен еді. Ол жақта бірнеше күн жүрді. Жаттыққан жоқ. Оны да жол шаршатып жібергені рас. Бүгін таңертең сағат жетіде Астанаға келді. Жағдайын сұрап едім, алаңға шыға алатынын айтты. Шынын айтсам, мені Шитовтың жігерлігі таңғалдырды. Масканы бірінші рет киіп тұр. Ыңғайсыздық туғызған шығар, бірақ соған қарамастан жап-жақсы ойнап шықты. Міне, «Астанаға» осындай кәсіпқойлар керек.

– «Славия» ойыншыларының баспен жақсы ойнайтынын білесіз. Біле тұра неге қателік жіберіп қойдыңыздар?

– Иә, біз футболшылармен бұл туралы матч алдында да сөйлескенбіз. Бірақ бір ойыншымыз позициялық тұрғыда қателесті. Өз орнына бармады. Иә, футбол болған соң мұндай нәрселердің орын алуы заңдылық. Дегенмен, мен футболшыларыма ризамын. «Астана» Еуропаны орта деңгейлі командаларының біріне айналды. Өйткені, ойыншыларымыздың көбі жарақат алып қалғанына қарамастан осындай нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Егер команданы тағы біраз жақсы ойыншылармен күшейтетін болсақ, онда бұдан да жақсы жетістіктерге жете аламыз. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионатының деңгейі Славия чемпионатындай болса, онда біз де дамимыз.

– Әдетте Патрик Твумаси жартылай қорғаныстың оң қапталында ойнайтын еді. Бүгін ол сол қапталда ойнады. Бұл Патриктің ойынына кері әсер етті деп ойламайсыз ба?

– Осыдан бір жыл бұрын Патрик неге сол қапталда ойнамайды деуші едіңіздер. Енді керісінше сұрап отырсыздар. Твумаси мен Томасов орындарын ауыстыра береді. Бүгін оң қапталда көбіне Томасов ойнасын деп шештім. Өйткені, Патрик допты сол қапталдан ортаға кіргізіп, өзіне ыңғайлы оң аяғымен қақпаға тебеді деп үміттендім. Томасов өз міндетін дұрыс атқара білді. Ал Патрик ойнай алмады. Дегенмен, мұның барлығы алаңдағы орындарына байланысты емес. Твумасиге жігер, амбиция жетіспеді деп ойлаймын. Ол ойынға аса беріліп ойнамады.

– Бүгін «Астана» ойыншыларында допты қақпаға алыстан тебетін мүмкіндіктер көп болды. Бірақ, пас беріп жүріп алдық. Неге футболшылар допты қақпаға алыстан теппейді?

– Барлық бапкерлер секілді, мен де футболшыларымның қақпаға допты жиі тепкенін қалаймын. Мәселен, Абзал Бейсебековте 16 метрден допты қақпаға қақырата тебетін мүмкіндігі болды. Бірақ басқаша шешім қабылдады. Жоқ, мен қақпаға мүлдем доп бағыттаған жоқпыз демеймін. Мәселен, Мужиковтың алыстан тепкен соққылары қауіпті болды. Алайда, аз. Ол үшін жігіттерге ондай сәттерде жылдам шешім қабылдап үйрену қажет.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика