Вернуться к списку статей

Ярослав Щилгавы – "Астана" туралы біраз нәрсені маған Мирослав Беранек айтып берді

Футбол
1K
Ярослав Щилгавы – «Астана» туралы Мирослав Беранек маған көп нәрсе айтты
«Славияның» бас бапкері Ярослав Щилгавы елордалық журналистерге берген баспасөз мәслихатында ертеңгі матчта өз командасының қандай тактика бойынша ойнайтынын айтып, «Астана» туралы ұлттық құрамамыздың экс-бас бапкері Мирослав Беранектен біраз мағлұмат алғанын жеткізді.

– «Астананың» ойыны туралы ойыңыз қандай? Қандай артықшылықтары мен кемшіліктерін білесіз?

– «Астананың» ойыншылары өте тәжірибелі. Бізге қарағанда еурокубокта тәжірибелеріңіз мол. «Вильярреалмен» болған ойындарыңызды көрдім. Жақсы қарсыластыңыздар. Біз олай ойнай алмайтын едік. Сондай-ақ, «Селтикпен» болған кездесуде де бар шеберліктеріңізді байқадық. Ертеңгі ойын біз үшін оңай болмайды.

– Чех журналистерінің бірі «Славияның» әдетте 4-5-1 жүйесімен ойнайтынын айтты. Бұл рас па?

– Рас, негізі біз 4-5-1 жүйесін қолданамыз. Дегенмен, ойын барысында басқа да жүйелерге көшуіміз ғажап емес. Тактикамызды өзгерте береміз. Оны өздеріңіз де көрерсіздер.

– «Астана» өз алаңында жақсы ойнайды. 15 ойында жеңіліп көрмеген. Ертеңгі кездесуде жеңіліп қаламыз деп қорықпайсыздар ма?

– Жоқ, біз қорықпаймыз. Әлбетте, ойын оңай болмайды. Дегенмен, біз Астана ұпай беру үшін келген жоқпыз.

– Кезінде «Астана» мен Қазақстан ұлттық құрамасын чех бапкері Мирослав Беранек баптаған. Одан ақыл сұрамадыңыз ба?

– Мирославты Чехияда көпшілік жақсы таниды. Өзімнің жақын досым. Жеребе «Астанамен» бір топқа түсіргенде екеуміз хабарласып, одан Қазақстан жайлы біраз мағлұмат алғанмын. Көп нәрседен хабардар болдым. Алайда, Беранектің кезіндегі ойыншылардың біразы қазір өзгеріп кеткен. Сондықтан, оның ақылы ертең бізге қатты көмектесе қоймайды-ау.

– Біздің топта "Астана" мен "Славиядан" бөлек, "Маккаби" мен "Вильярреал" бар. Топтың фавориті испандықтар дегенмен келісесіз бе?

– Иә, "Вильярреал" басқалардан бір бас жоғары. Бірақ, оларға қарсы да ойнауға болатынын бірінші турда "Астананың" өзі де дәлелдеді ғой. Ертең олар "Маккабимен" кездеседі. Бірінші турда бізден ұтылып қалған израильдіктер ертең "Вильярреалды" ұтуға барын салады деп ойлаймын. Біздің топтағы командалардың бәрі терезі тең ұжымдар.

– Прага мен Астананың ауа-райында да, уақыт белдеуін де айырмашылық бар. Бұл сіздерге әсер етпей ме?

– Иә, бізде күн жылы, ал Астана біраз суық екен. Сондықтан, кішкене қолайсыздық болатын шығар. Дегенмен, бүгін осы алаңда жаттығу өткізіп, бейімделуге тырысамыз.

– Чехия журналистері «Астана-Аренаның» жасанды желегінен қатты қорқып жүр. Жалпы, Чехияда жасанды желекті стадиондар бар ма?

– Негізі, Чехия чемпионатында жасанды желекті алаңдар мүлдем жоқ. Барлық клубтың табиғи алаңды стадионы бар. Дегенмен, күн суытқан кезде біз де жабық кешенді стадиондарға ауысамыз. Сондықтан, бұл мәселе бізге үлкен проблема болмауы тиіс.

– Чехия чемпионатында сіздің командаңыз көшбасшыдан бірнеше ұпайға қалып келеді. Сіздер үшін Еуропа лигасы маңызды ма, әлде ішкі чемпионат па?

– Бізге екеуі де маңызды. Еуропа лигасы немесе ішкі чемпионат деп бөлмейміз. Әлбетте, көшбасшыдан бірнеше ұпайға қалып келеміз. Бірақ, маусым ұзақ, жетіп алуға болады. Мақсатымыз – ішкі чемпионатта жеңімпаз атанып, келесі жылы Чемпиондар лигасында ойнау.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика