Вернуться к списку статей

Испания тәжірибесі немесе Көрермені аз клубтарға неге айыппұл салмаймыз?

Футбол
1K
Испания тәжірибесі немесе Көрермені аз клубтарға неге айыппұл салмаймыз?
Испания Ла лигасының басшылығы стадионда көрермендері аз болғаны үшін «Сельта» футбол клубына айыппұл салды. Егер олар біздің «Оқжетпестің» ойындарына жиналатын жанкүйерлердің санын көрсе ғой, жылап жіберетін шығар.

Ла лиганың 1-ші турында «Сельта» – «Реал Сосьедад» кездесуін стадионнан 16961 көрермен тамашалаған. Виголықтардың 3-ші турдағы «Алавеске» қарсы кездесуіне 17384 көрермен жиналыпты. Ал 5-ші турда «Сельта» – «Хетафе» матчын «Балаидос» стадионынан 15 068 көрермен көрген. Стадиондағы жанкүйерлердің мұншалықты аз болуы Ла лига басшыларының шымбайына батқан секілді, «Сельта» футбол клубына айыппұл салып, алдағы ойындарына көрермен тартуға нұсқау берді.

Бұл қадамға Ла лига басшылығы Испания футболының беделін сақтау үшін және өзге чемпионаттармен бәсекелестікті күшейту үшін барып отыр. Ла лига Регламенті бойынша стадиондағы көрермендер саны стадион сиымдылығының кем дегенде 70 пайызын құрау қажет. Ал «Балаидостың» сиымдылығы 31 800 орын. Өз кезегінде «Сельта» футбол клубы да билет бағасын 40 евроға дейін арзандатыпты. Бірақ, әзірге бұл да көмектесер емес.


Мұның барлығын неліктен жазды деп басыңызды қасып отырған шығарсыз. Егер сол испандықтар Қазақстан Премьер-лигасына жиналатын көрермендердің санын көрсе, «Сельтамен» жалып көрісетін шығар. Виголықтардың бір ойынына жиналған жанкүйер біздің бір турдағы көрермендеріміздің санымен бірдей. Мәселен, маусым басынан бүгінге дейін Қазақстан Премьер-лигасында 165 ойын өтіпті. Соның тоғызында ғана 10 мыңнан астам жанкүйер жиналған. Тек 20-шы турда өткен Алматының Орталық стадионындағы «Қайрат» – «Астана» айқасы ғана «Сельтадан» көп көрермен тарта алған. Яғни, сол ойынды оңтүстік астанамыздың Орталық стадионынан 19 000 адам көріпті. Жалпы, біздің Премьер-лигада сиымдылығы 10 мыңнан асатын ареналар да аз. Елордамыздағы «Астана–Арена», Алматыдағы «Орталық», Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов, Ақтөбедегі Қобыланды батыр және Павлодардағы «Орталық» стадиондарды ғана айта аламыз.

Әлбетте, Испания Ла лигасы мен Қазақстан Премьер-лигасын салыстырғанымыз әбестік. Дегенмен, біздің Премьер-лигада 50-ақ адам тамашалаған ойын бар. Бұл 16-турдағы «Оқжетпес» – «Ақжайық» матчы. Өзіңіз ойлап қараңызшы, 50-ақ адам. Ойынға келген екі команданың футболшылары мен бапкерлер алқасы және клуб қызметкерлерінің өзі 70 шақты адам болады. Сонда 70 адам ұйымдастырған кездесуді 50-ақ көрерменнің тамашалағаны ма? Жалпы, биыл «Оқжетпестің» ойындары шынымен-ақ елеусіз өтіп жүр. Тек 3-ші турда «Астана-Аренада» өткен «Тобылға» қарсы кездесуіне ғана 2300 көрермен жиналған. Қалған матчтарына көруге келген адамдардың саны мыңға да жетіп жатқан жоқ, тіпті 300-ге әзер жетеді. Биыл «Оқжетпес» қонақтарды өз алаңында 13 рет қабылдаған екен. Соның барлығын қосқанда жиналған көрермендерінің саны бар болғаны – 7650.

Осы орайда, Қазақстан Премьер-лигасында да Испаниядағыдай ережелер қабылдау кажет шығар. Бәлкім, көрермені аз командаларға айыппұл салар болсақ, клубтарымыз жанкүйерлермен жұмыс жасауды жақсартатын шығар. Әйтпесе, біздің елде «Футбол жанкүйерлер үшін» деген ұғым жай ғана сөз ғана. Бірен-сараны болмаса, көпшілігі жанкүйерлермен жұмыс жасамайды да. Оны айтасыз, клубтардың көпшілігінде жанкүйерлермен жұмыс жасау міндетін медиа-офицер атқарады. Мұны мен өз басымнан өткергенмін.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика