Бүгін «Атырау» футбол клубы бас бапкері Сергей Павлов пен клубтың екеуара еңбек келісімін бұзғанын ресми түрде мәлімдеді. Өзара келісіп, осындай шешімге тоқталыпты. Ресей маманы біраз уақыт жұмыс істеген ұжымына және оның футболшыларына алғыс білдіріп, сәттілік тілеген.
Клуб та Сергей Павловқа сәт-сапар тілеп, бұдан арғы еңбек жолының табысты болуына тілектес екендерін білдірген. Ал «Атырау» клубын алдағы ойындарға Қуаныш Қабдолов дайындайды екен. Бас бапкер міндетін атқарушы болып бекітілген отандық маман бұл командада 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді.
«Атырау» үш күннен кейін, яғни 24 қыркүйекте «Оқжетпеспен» кездеседі. Түзде өтетін осы ойын мұнайлы өлкенің командасы үшін өте маңызды болып отыр. Жеңсе, премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға мүмкіндік бар. Ал ұтылып қалса, онда жағдайын тығырыққа тіреп алады. Аталмыш клуб осындай қиын-қыстау кезеңде жанкүйерлерінің тері айналмай, қолдау көрсетуін өтініпті.
Осы ретте айта кетейік, «Атырау» биыл екінші рет бас бапкерін отставкаға жіберіп отыр. Сәуір айының басында команданың еңсесін көтере алмаған, бес ойында бірде-бір жеңіске жетпеген Хорватия маманы Зоран Вулич қызметінен босатылған болатын. Енді оның орнына келген Сергей Павлов еліне қайтатын болып отыр.
«Атырау» қазір 28 ойыннан 26 ұпай жинап, 11-орында тұр. 7-10 орындарды бөлісіп тұрған командалардан үш ұпайы кем. Ел чемпионатының аяғына дейін бес ойын өткізуі керек. Түзде «Оқжетпес», «Қайсар» және «Тобыл» клубтарымен кездесіп, өз алаңында «Шахтер» мен «Таразды» қабылдайды.