Вернуться к списку статей

«Қайрат» «Ордабасы» клубын күйрете жеңді

Футбол
1K
«Қайрат» – «Ордабасы» – 5:1. Фото: fckairat.com
«Қайрат» ХХХ турдағы ойынын мерзімінен бұрын өткізіп, Алатау бөктерінде «Ордабасы» клубын ойсырата жеңді.

Негізі, ХХХ турдың ойындары 15 қазанда өтуі керек болатын. Бірақ 14 қазан күні Қазақстан кубогының финалы өтетін болып бекітілген. Ал биыл ел кубогын «Қайрат» пен «Атырау» сарапқа салады. Сондықтан аталған екі клубтың келесі айдың ортасындағы матчтарын бүгінге ауыстырылды.

Жалпы, «Қайрат» пен «Ордабасы» биыл бесінші рет кездесіп отыр. Қазақстан кубогының жартылай финалында жолдары түйісіп, Шымкентте 0:0 есебімен тең түскен. Ал Алматыда «Қайрат» 3:1 есебімен басым түсіп, екі ойынның қорытындысы бойынша финалға шыққан.

Ел чемпионатында да екі рет кездескен болатын. 16 сәуірде Алматыда өткен ойында «Қайрат» 3:0 есебімен үстем түсті. 24 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысында ысқырығы безілдеген ойында да «Ордабасы» ұтылып қалды. Есеп – 0:2. Бүгін Алатау бөктерінде тағы да жеңіліске ұшырады.

«Ордабасы» бүгін қақпаға Рамиль Нурмухаметовті қойды. Ал орталық қорғаушыларының бірі Темірлан Ерланов та, екіншісі Александр Симчевич болды. Соңғысын Жерар Гоу 7-інші минутта-ақ алдап өтіп, есеп ашты. Қақпашы да құтқармады...

Бірінші таймда «Қайрат» негізінен сол қапталмен қауіп төндіріп отырды. «Ордабасы» клубының оң қанаттағы қорғаушысы Оливер Петракты алматылықтардың ресейлік ардагері Андрей Аршавин әбден састырды. Әйтсе де, есеп өзгерген жоқ.

Екінші тайм басталған бетте «Ордабасы» таразы басын теңестіріп, дода көрігін қыздыра түсті. Азат Нұрғалиев айып соққысын орындап, теңбіл допты доғаша ие тепкен. Әуелеп ұшқан допқа атылған Рохер Каньяс қақпашының көзін алдап, өткізіп жіберді. Шыр айналған доп қақпа ішінен бір-ақ шықты.

Осыдан кейін «Қайрат» қарқынын үдетті. Әуелі Жерар Гоу допты айып алаңының сыртынан тоқтатпай теуіп, қонақтардың қақпашысын екінші рет қапы қалдырды. Бұдан кейін Аршавин алдынан жүгіріп шыққан Симчевичті оп-оңай алдап өтіп, үшінші голды соқты.

Осы екі голдан кейін «Ордабасы» ойыншыларының сағы сынып, ұнжырғалары түсіп кеткен сияқты. Көп ұзамай, «Қайраттың» негізгі құрамда алаңға шығарған екі жас футболшысының біреуі, атап айтқанда, Магомед Парагульгов гол соқты. Ол да допты тоқтатпай, алыстан сол аяғымен шірене теуіп, қонақтардың қақпашысын төртінші рет сан соқтырды.

Осыдан кейін «Ордабасы» клубына кішкене мүмкіндік берілді. Нақтырақ айтқанда, «Қайраттың» жас ойыншысының екіншісі, Александр Соколенко екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Ойын аяғына дейін Шымкент клубына тым болмаса бір гол соғып, есепті қысқартуға болушы еді.

Алайда, есеп қысқарған жоқ, керісінші ұлғая түсті. «Қайрат» кем құрамда қалса да, тағы бір гол соқты. Бұл ойынның нүктесін Жерар Гоудың орнына шыққан Чума Анене қойды. Ол да «Ордабасы» клубының орталық қорғаушылары мен қақпашысын “тақырға” отырғызып кетті.

«Қайрат» – «Ордабасы» – 5:1 (1:0)

Голдар: Гоу, 7 (1:0). Нұрғалиев, 48 (1:1). Гоу, 55 (2:1). Аршавин, 64 (3:1). Парагульгов, 67 (4:1). Анене, 90 (5:1).

Алаңнан қуылды: Соколенко, 84 (екінші ескерту).

Ескертулер: Петрак, 31. Соколенко, 47. Нөсербаев, 58. Элек, 88.

«Қайрат»: Покатилов, Соколенко, Бато, Ахметов, Сүйімбаев (Исламхан, 63), Элек, Қуат (к), Парагульгов, Исаэль, Аршавин (Рудосельский, 85), Гоу (Анене, 83).

Қосалқы құрам: Плотников, Балтабаев, Люхай, Әбікен.

«Ордабасы»: Нурмухаметов, Петрак (Қожабаев, 71), Симчевич, Ерланов, Бочаров, Диакате, Каньяс, Ковальчук (Төлебек, 46), Тұңғышбаев, Нұрғалиев (к), Нөсербаев (Гейнрих, 72).

Қосалқы құрам: Бекбаев, Әшірбеков, Бейсенов, Жұмаханов, Жақсыбаев, Тұрсынбай.

Төрешілер: Гаузер, Виноградов, Бейжанов (бәрі де – Петропавл).

20 қыркүйек, 2017. Алматы, «Орталық». 8300 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика