Вернуться к списку статей

Бородюкке алғыс айтып, айлығын көтеруіміз ғана қалды

Футбол
1K
Бородюкке алғыс айтып, айлығын көтеруіміз ғана қалды
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманы қатарынан бес ойында жеңіліске ұшыратқан бас бапкерге сенім және қолдау білдірді. Жоғары жақта мұндай қолдаушылары бар Александр Бородюкте арман жоқ шығар.

Кеше Қазақстан футбол федерациясында Жаттықтырушылар кеңесі өтіпті. Сонда ҚФФ басшыларының атынан сөйлеген спорттық менеджер Игорь Утробин ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюкке сенім білдіріп, ары қарай да қолдау білдіретінін айтыпты. Александр Бородюкке. Ұлттық құрамамыздың тізгінін биыл қыста ұстап, содан бері барлық ойында жеңіліп келе жатқан бас бапкерге. Енді жетпегені осы еді. Әлде Бородюктің бес жеңілісі Қазақстан футбол федерациясы үшін ерлік пе? Жеңілістен көз ашпайтын бапкерге сенім және қолдау білдіріпті. Ұсақталып қайтеді, бірден алғыс айтып, айлығын өсіре салмады ма?

Бородюк те қайтпайды екен. «Біздің футболшыларға жоғары халықаралық деңгейде ойнап үйрену керек» деп кезінде Байсуфинов айтпаған сөзді айтып көлгірсіді.

– Көрсеткішіміз, әлбетте, көңіл көншітпейді. Біздің ойыншылар мұндай қателіктер жасамау керек. Жоғары деңгейдегі футболшылар оларды кешірмейді. Бірақ, команда допты жақсы бақылайды. Мәселен, Польша және Дания құрамаларына қарсы ойындарда доп иелену көрсеткішіміз 54-57 пайыз болды. Бұл дегеніміз, осы көрсеткіштер бойынша біз олармен терезесі тең дәрежедеміз, тіпті қарсыластарымыздан аздап мықтымыз. Футболшыларымыздың жеке шеберліктерін де айта кетуге болады. Црна Горамен ойнағанда қақпасына 17 соққы жасадық. Соның жетеуі қақпаға түзу ұшты. Алайда, гол соғуымыз қиын. Психологиялық тұрғыдан да жігіттерге мін таға алмаймыз. Футболшылардың барлығы ұлттық құрамаға қуана келеді. Тек үнемі жоғары деңгейде ойнай алмайтынымыз өкінтеді. Ойыншыларға сенім жетіспейді. Бізге Польшадағыдай атмосферада ойнап үйренген дұрыс. Варшавада командасын стадионнан 60 мыңға жуық жанкүйер қолдады. Тағы бір айта кетерлігі, халықаралық ойындардағы тәжірибесі мол ойыншыларға зәруміз. Мәселен, Арменияның 5-6 ойыншысы Еуропа чемпионаттарында доп тебеді, - деді Бородюк.

Жаттықтырушылар кеңесінің отырысында жастар мәселесі де талқыланып, Игорь Утробин алдағы уақытта 21 жастан 23 жасқа дейінгі футболшылар үшін Қазақстан футбол федерациясы жеке турнир ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

– Өкінішке қарай, жастарымызға ойын тәжірибесі жетіспейді. Сол үшін оларға арнап жеке турнир ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл турнир жастарға өздерін жақсы жақтарынан көрсетуге керемет мүмкіндік береді, - деді Утробин.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасының биылдыққа екі ойыны қалды. Қазанның 5-і күні түзде Румыниямен кездессе, 8 қазанда өз жерімізде Арменияны қабылдаймыз. Бәлкім, сол ойыннан кейін Александр Бородюкке бар жақсылығы үшін алғыс білдірерміз?..

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика