Вернуться к списку статей

УЕФА Ұлттар лигасы – Қазақстан құрамасы соңғы дивизионда

Футбол
3K
УЕФА Ұлттар лигасы додасының өткізілу сұлбасы. Фото: uefa.com
УЕФА 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап «Ұлттар лигасы» додасын бастайды. Әзірше Қазақстан құрамасы – ең төменгі дивизионда. Әйтсе де, 2020 жылғы Еуропа чемпионатына бару мүмкіндігі арта түскен сияқты...

2018 жылдың қыркүйек айынан бастап УЕФА Ұлттар лигасының алғашқы ойындары басталады екен. Еуропадағы 55 құрама төрт дивизионда додаға түседі. Әр дивизионның өзі бірнеше топқа бөлінеді.

55 құрама төрт дивизионға (A, B, C және D) УЕФА рейтингі бойынша бөлінеді. «ФИФА рейтингі емес, онымен шатастыруға болмайды» деп, жазылған Еуропадағы футбол қауымдастықтары одағының ресми сайтында...

Әзірше мұндай рейтинг 2018 жылғы әлем чемпионатының Еуропадағы іріктеу турнирі негізінде түзілген. Бірақ 2016 жылға 14 қарашаға дейінгі ойындар ғана есепке алынған. Нақты және соңғы рейтинг биыл күзде, яғни іріктеу турнирінің барлық ойындары аяқталған соң, 2017 жылғы 15 қараша күні бекітіледі.

Төрт дивизионың құрамы

  • A дивизионы – рейтингтің алдыңғы легіндегі, деңгейлері жоғары 12 құрама, олар төрт топқа үш командадан жіктеледі;
  • B дивизионы – рейтингтегі келесі 12 құрама, олар да төрт топқа үш командадан бөлінеді;
  • C дивизионы – УЕФА рейтингісінде 25-39 орындарға орналасқан 15 құрама, мұндағы үш топта төрт командадан, ал біреуінде үш команда болады;
  • D дивизионы – УЕФА рейтингісінің 40-55 орындарында сап түзеген 16 құрама, олар төрт топқа тең бөлінеді.

Жеребе тарту тәртібі мен рәсімі кейін бекітіледі

УЕФА Ұлттар лигасы додасының жалпы ережелерінен

  • B, C және D дивизиондарында топ жарғандар бір саты жоғарылайды, ал A, B және C дивизиондарында көш соңында қалғандар төменгі дивизионға түсіп қалады;
  • 2019 жылдың маусым айында A дивизионындағы төрт топтың жеңімпаздары арасында плей-офф жүйесінде (жартылай финал және финал) финалдық дода өткізіледі. Жартылай финалдық жұптар жеребе тарту арқылы анықталады. Ал финалдың қай жерде өтетіндігін УЕФА Атқару комитеті шешеді. Осылай, Ұлттар лигасының чемпионы анықталады;
  • Біз үшін керегі, D дивизионының төрт тобында үздік шықандар 2020 жылдың наурыз айында өтетін плей-офф додасына қатысады. Мұнда 2020 жылғы Еуропа чемпионатының қосымша төрт жолдамасы сарапқа салынады. Оған 16 құрама қатысады.
  • Осы ретте айрықша атап өтуге тиіспіз, 2020 жылғы Еуропа чемпионатына да әдеттегідей іріктеу ойындары ұйымдастырылады. УЕФА құрамындағы ұлттық құрамалар 10 топқа бөлініп, додаға түседі. Әр топта бірінші және екінші орын алғандар, барлығы 20 құрама «Еуро-2020» финалына жолдама алады. Ал Ұлттық лигада қалған төрт жолдама сарапқа салынады.  
  • 2020 жылғы Еуропа чемпионатының қосымша төрт жолдамасы сарапқа салынатын додаға әр дивизионан төрт құрама қатысуы керек (төмендегі сұлбаны қараңыз). Егер қосымша жолдамалар сарапқа салынатын додаға қатысуы керек А дивизионындағы құрама «Еуро-2020» жолдамасына іріктеу ойындарында қол жеткізіп алса, онда оның орнына бір сат төмен орналасқан құрама барады. Ал егер А (немесе В) дивизионындағы құрамалардың бәрі (немесе көбісі) «Еуро-2020» жолдамасын іріктеу ойындарында жеңіп алса, онда олардың орындарын келесі дивизиондағы құрамалар басады.     


Жалпы, УЕФА Ұлттық лигасындағы төрт дивизионның шартты түрдегі дәл қазіргі құрамы төмендегідей (2016 жылға 14 қарашаға дейінгі рейтинг бойыншы):

A дивизионы
Германия, Франция, Бельгия, Португалия, Швейцария, Испания, Англия, Италия, Хорватия, Польша, Ирландия, Украина

B дивизионы
Нидерланды, Ресей, Исландия, Венгрия, Уэльс, Босния және Герцеговина, Швеция, Грекия, Словакия, Австрия, Израиль, Словения

C дивизионы
Солтүстік Ирландия, Румыния, Чехия, Түркия, Албания, Дания, Црна Гора, Сербия, Болгария, Шотландия, Норвегия, Литва, Әзірбайжан, Кипр, Финляндия

D дивизионы
Эстония, Беларусь, Грузия, Армения, Латвия, Фарер аралдары, Қазақстан, Молдова, Люксембург, Македония, Косово, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Сан-Марино, Гибралтар.

Жоғарыда жазғанымыздай, бұл рейтингтің әлі өзгеруі тиіс. Соңғы тізім 2018 әлем чемпионатының Еуропадағы іріктеу ойындары толықтай аяқталған соң түзіледі. 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика