Вернуться к списку статей

«Астана» Сыр бойында «Қайсарды» сүріндірді

Футбол
1K
«Қайсар» – «Астана» – 1:4. Фото: fca.kz
ХХVІІ турдың соңғы ойыны бүгін өтіп, «Астана» Қызылордада «Қайсарды» ойсырата ұтып, қайтадан көш бастады.

Испаниядан шаршап-шалдығып, тіпті үтылып келген «Астана» Қызылордада бірден көсіле сілтей алмады. Әрі «Қайсардың» қайсар жігіттері де бірінші таймда жанкештілік танытып, дес бермеді. Қонақтар ойынның бірінші жартысында алаң иелерінің қорғанысын бұзып өте алмай, дал  болды.

Ол, ол ма? Екінші тайм басталған бетте астаналықтардың оң қапталдағы қорғаушысы өрескел қателік жіберіп, доптан айырылып қалды. Джа Джедженің аяғына тиіп, кері серпілген допты Тоқтар Жаңғылышбай іліп әкетіп, сүйір бұрыштан қақпашы Мокинді де қапы қалдырды.

Бұл гол «Астана» футболшыларын осып жібергендей, әсер етті. Олар қарқындарын үдетіп, шабуылды күшейтті. Ширек сағаттай уақыттан кейін Дмитрий Евстигнеев алға ентелеген Джуниор Кабанангамен айып алаңы бұрышында үмар-жұмар құлады. Төреші ойланбастан пенальти берді.

11 метрлік айып соққысын Срджан Граховац орындады. Бірақ басын көтерместен тебе салған добын алаң иелерінің қақпашысы Александр Григоренко тойтарды. Алайда дәл алдына қарай қайтарып, оны Граховац дәлдеп тұрып, қайыра тепті. Осылай таразы басы теңесті.

Көп ұзамай, Игорь Шитов өз қатесін түзеп, ел чемпионын алға шығарды. Оң қапталда атой салып, көлбеу пас беретіндей сыңай танытты да, теңбіл допты қақпа ішіне сүңгітті. Ол пас береді деп ойлаған «Қайсардың» қорғаушылары да, қақпашысы да сан соғып қалды.

Бұдан кейін «Астана» тағы да екі гол соқты. «Қайсарды» қалпақпен ұрып ала алмайтынын түсінген Станимир Стойлов алаңға Патрик Твумасиді шығарды. Әу баста ұстараның жүзіндей лыпылдаған ширақ футболшысын тынықтырып алмақ болып, қосалқы құрам орындығында ұстап отырған.

Патрик алаңға шыға салып, оң қапталдың “шаңын” аспанға шығарды. Тыным таппай алға ентелеп, «Қайсардың» қорғаушыларын әбден састырды. Екі рет қолмен қойғандай етіп, тамаша пас шығарып берді де, Юрий Логвиненко мен Асхат Тағыбергеновтің гол соғуларына мүмкіндік жасап берді.

«Астана» футбол клубы осылай Сыр елінде кезекті үш ұпайын олжалап, сенбі күні алдын орап кеткен «Қайратты» қайтадан екінші орынға ығыстырды. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, ел чемпионы Алматы клубына қарағанда екі ойын кем өткізген. Яғни әлі алты ұпайға ұзай түсетін мүмкіндігі бар.     

«Қайсар» – «Астана» – 1:4 (0:0)

Голдар: Жаңғылышбай, 46 (1:0). Граховац, 60 (1:1). Шитов, 65 (1:2). Логвиненко, 76 (1:3). Тағыберген, 90 (1:4).

Пенальти соға алмады: Граховац, 60.

Ескертулер: Мулдаров, 55. Сақалбаев, 75.

«Қайсар»: Григоренко, Евстигнеев, Мулдаров (Ламанж, 65), Граф (Балтаев, 49), Чуреев, Коробкин (Сақалбаев, 59), Нарзілдаев, Байжанов (к), Аржанов, Жаңғылышбай, Джа Джедже.

Қосалқы құрам: Исламқұлов, Бойович, Алтынбеков, Әмірсейітов, Омаров, Жақаев.

«Астана»: Мокин, Шомко (к), Логвиненко, Аничич, Шитов, Маевский, Граховац (Тағыберген, 86), Мұжықов,Томасов (Твумаси, 67), Муртазаев (Бейсебеков, 79), Кабананга.

Қосалқы құрам: Эрич, Постников, Шайыхов, Малый.

Төрешілер: Тевяшов (Орал), Ходин, Калачёв (екеуі де – Атырау).

18 қыркүйек, 2017. Қызылорда, Ғ.Мұратбаев атындағы стадион (қосалқы алаң). 1500 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика