Вернуться к списку статей

Айтбай ЖАМАНТАЕВ – Мемлекеттік деңгейде қолға алмасақ, елімізде қыздар футболы екі жылдан кейін мүлдем жойылуы мүмкін

Футбол
2K
Айтбай Жамантаев – Мемлекеттік деңгейде қолға алмасақ, елімізде қыздар футболы екі жылдан кейін мүлдем жойылуы мүмкін
Қыздар футболының қазіргі халі қалай? Аяқтан тік тұрғызып демей-ақ қояйық, тым болмаса, еңбектетіп жүргізу үшін не істеу керек? Футболдан Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Айтбай Жамантаев осы мәселе төңірегінде біраз шер тарқатты.

Ертең Қазақстан қыздар құрамасы 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу додасын бастайды. Алғашқы қарсыласымыз – Уэльс. Ойын 18:00-де басталады. Кіру тегін. «Астана-арена» стадионында өтетін ойынның қарсаңында бас бапкер бірқатар сұрақтарымызға жауап берген еді.

– Айтбай, Сейітжанұлы, ертеңгі ойынға дайындығымыз қалай?

– Қыздардың Астанада жиналғанына бір апта болды. Осы аралықта күнделікті жаттығулар өткізіп, екі жолдастық кездесу ұйымдастырдық. Біреуінде жігіттермен доп тептік. Екіншісінде Қырғызстан қыздар құрамасына қарсы алаңға шығып, жеңіске жеттік. Негізі, ертеңгі кездесуде тек жеңіске жетуді жоспарлап отырмыз. Бірақ, қарсыласымыз да осал емес.


– Уэльс құрамасымен бірінші рет кездесейін жеп тұрған жоқпыз. Олардың артық және кемшін тұстары қандай?

– Иә, бұған дейінгі екі кездесуде де біздің қыздар ұтылып қалған болатын. Енді біздің де жеңіске жететін кезіміз келген шығар. Олардың ойыншылары Англия чемпионаттарында доп тебеді. Өздерінің де біріншіліктері жақсы дамыған. Екінші қабатта жақсы ойнайды. Ал кемшін тұстарын ертең алаңға шыққанда кәдемізге жаратармыз.

– Қыздар футболынан Қазақстан біріншілігінде бар болғаны бес-ақ команда өнер көрсетеді. Командалардың аздығы ұлттық құраманы жасақтауда қаншалықты қиындықтар туғызды?

– Өзіңіз ойлап көріңізші, 300 адамнан команда жасақтаған оңай ма, әлде 30 адамнан ба? Англия, Уэльс, Ресей құрамаларында бұл жөнінен проблема жоқ. Оларда қыздар футболы мейлінше дамыған. Ал біз 30 адамның ішінен әзер дегенде бір команда жасақтап, оның 11-ін негізгі құрамда алаңға шығарайын деп отырмыз. Сондықтан, команданың дені енді ғана бойжетіп келе жатқан қыздар. Былтырғымен салыстырғанда қазір құрама 40-45 пайызға өзгерген. Рас, өзіңіз айтпақшы, біздің біріншілікте бес-ақ команда. Онда да екеуі кәсіпқой клуб болса, үшеуі спорт мектептерінің командалары. Сондықтан, ел чемпионатында командалар саны неғұрлым көп болса, команда жасақтау да соғұрлым оңайырақ болар еді. Ұлттық құраманың дәрежесі ел біріншілігінің деңгейіне байланысты ғой.


– Өткен жылдары Қазақстан футбол федерациясы 2018 жылдан бастап Премьер-лигадағы әр клубтың құрылымында футзал және қыздар футболы командалары болуы керек деп талап қойған. Алайда бұған назар аударып жатқан клубтар жоқ. Қалай ойлайсыз, қыздар футболының еңсесін тіктеу үшін не істеу керек?

– Қазақстан қыздар құрамасында жаттықтырушылық етіп келе жатқаныма 14 жылдай болды. 2005 жылдан бастап осы мәселені қақсап айтып келе жатырмыз. Премьер-лига клубтарының құрылымына қоспай, қыздар футболын дамыта алмаймыз. Басқаша жол жоқ. Егер Премьер-лига клубтарының құрылымына қыздар футбол командаларын да қосар болсақ, онда біріншіліктегі командалар да көбейеді, турнирлердің саны да еселеп артады. Өкінішке қарай, біздің сөзімізді құлағына ілер адам жоқ. Федерацияны да кінәлауға болмайды. Ол – қоғамдық ұйым. Ешкімге міндеттей алмайды. Тек нұсқау береді. Барлығын клуб басшылары, облыс әкімі шешеді. Егер Федерацияның талаптарын орындап, Премьер-лиганың әр клубы қыздар футболының қанатының астына алар болса, онда жағдайымыз күрт жақсаратын еді. Мәселен, көрші Ресейде қыздар футболынан Премьер-лига, Бірінші лига, Екінші лига, аймақтық лигалар бар. 40 шақты кәсіпқой клубқа ие. Еуропада да солай. Жері алақандай, халық саны біздікінен әлдеқайда аз Дания, Швейцария, Норвегия сынды елдерде қыздар футболы қарыштап дамып кеткен. Біз солардан кембіз бе? Мұны мемлекеттік деңгейде қарастыру қажет. Егер мемлекеттік деңгейде қолға алмасақ, алдағы екі жылда елімізде қыздар футболы мүлдем жойылып кетуі мүмкін.

– Ел біріншілігінде бес-ақ команда. Оның үшеуі Шымкенттікі екен. Ал басқа қалалардың қайсылары біріншілікке өз командаларын қоса алады?

– Былтыр елордамызда «Астана» деген әп-әдемі команда болған. Бір-екі жылдың ішінде Чемпиондар лигасында ойнайтындай ұжым еді. Өкінішке қарай, оны да құрттық. Орал, Семей қалаларында да қыздар футболынан командалар бар. Бірақ ел біріншілігін айтпағанның өзінде республикалық турнирлерге қатысуға қаржы таппай отыр. Осындай командаларға қолдау көрсетуіміз керек.

– Енді қыздар құрамасына қайта оралайық. Іріктеу додасында біздің топта Англия, Ресей, Уэльс, Босния және Герцеговина құрамалары бар. Біздің мақсатымыз қандай және топ фавориті кім?

– Қашанғы ұтыла береміз. Жеңетін де кезіміз келген шығар. Өз тобымызда үшінші орынды көздеп отырмыз. Ал фаворит – Англия қыздары.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика