«Қайрат» биыл «Қайсарға» азуын батыра алмай жүрген. Бірінші айналымда (ІV турда) Алматыда 1:1 есебімен тең түскен. Екіншісінде (ХІV турда) Қызылордада 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл ойында бас төреші Вишниченко қателесіп, алаң иелерінің қақпасына пенальти берген. Дәл сол ойын сәтінде пенальтидің болмағаны ҚФФ Төрешілер департаментінің басшысы Н.Левников те мойындаған.
Енді, міне, екі команда үшінші рет кездесті. Екі айналымнан кейінгі орналасқан орындарына байланысты бұл кездесу Алматыда өтті. Бірақ матчтың басында «Қайсар» сылбыр қимылдады. «Қайраттың» ойыншылары осыны пайдаланып, екі гол соқты. Әуелі Барбоза Исаэль, одан кейін Бауыржан Исламхан біршама қашықтықтан қонақтарының қақпасын дәл көздеді.
«Қайсар» осы екі голдан кейін ғана ширады. Өйткені енді қарекет етпесе, «Қайрат» құйындай орап соғып, еңсе тіктеу қиын болады. Қос қапталмен, әсіресе сол қанатпен жиі шабуылдап, бірінші таймның аяғына дейін есепті қысқартты. Матиас Курьордың әуелет доғаша ие тепкен добына Франк Джа Джедже атылып, алаң иелерінің қақпашысы мен қорғаушыларын шатыстырды.
Екінші тайм да тартысты өтті. Екі команда алма-кезек шабуылдап, бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ойын соңында «Қайсар» тәуекелге бел буып, таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ «Қайраттың» шабуылдары қауіптілеу болды. Өйткені алаңға Жерар Гоу шыққан болатын. Ол әдетегідей шабуыл өтіне май құя түсті.
Матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар аяқталуға айналғанда алаң иелері тағы бір доп соғып, есепті ұлғайтты. Бұл голды бағы жанып, ресейлік Андрей Аршавин соқты. «Қайрат» жаңа бапкері келгелі бесінші рет жеңіске жетті. Испания маманы Карлос Ферермен әлі ұпай жоғалтқан жоқ.
Айта кетерлігі, соңғы ойындарда «Қайрат» алаңға бір жас ойыншысын шығарып жүр. Жас ойыншысын алмастырса, орнына екіншісін шығарып, өз түлектеріне ептеп мүмкіндік беріп келеді. Бакаев секілді шетелдік ойыншыны ұстамай, өз еліне жібере салуларын да жастарына ашылған жол деп түсінген дұрыс шығар.
«Қайрат» – «Қайсар» – 3:1 (2:1)
Голдар: Исаэль, 14 (1:0). Исламхан, 18 (2:0). Курьор, 40 (2:1). Аршавин, 90+2 (3:1).
Ескертулер: Бойович, 22. Плотников, 25. Камара, 55. Курьор, 88.
«Қайрат»: Плотников, Ахметов, Арзо, Бато, Сүйімбаев, Элек, Қуат, Исаэль, Парагульгов, (Балтабаев, 77), Исламхан (к) (Аршавин, 61), Анене (Гоу, 71).
Қосалқы құрам: Покатилов, Рудосельский, Бахтияров, Соколенко.
«Қайсар»: Григоренко, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Чуреев, Камара, Коробкин (Жаңғылышбай, 78), Курьор, Байжанов (к), Бойович (Алтынбеков, 46; Аржанов, 82), Джа Джедже.
Қосалқы құрам: Исламқұлов, Евстигнеев, Мулдаров, Нарзілдаев, Сақалбаев, Жақаев.
Төрешілер: Бобров (Қарағанды), Будниченко (Екібастұз), Сүйінов (Павлодар)
10 қыркүйек, 2017. Алматы, «Орталық». 9000 көрермен.